Жарияланымдар

Ақмола облысында сот азаптауға айыпталған полиция қызметкерлерін ақтады

2 мин чтения

Ақмола облысында Қосшы ауылының ауылдық полиция бөлімшесінің бастығы мен екі әріптесі сот шешімімен ақталды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі облыстық сотқа сілтеме жасап.

Сот алдында Қосшы ауылы полиция бөлімшесінің 39 жастағы бастығы, 37 жастағы аға жедел уәкіл және 30 жастағы жедел уәкіл жауап берді.

Бөлімше бастығына «Лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану», аға жедел уәкілге «Азаптау», «Бас бостандығынан заңсыз айыру» және «Лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану» баптары бойынша айып тағылған. Екінші жедел уәкіл «Азаптау» және «Бас бостандығынан заңсыз айыру» баптарымен айыпталды.

Іс материалдарына сәйкес, полиция қызметкерлері тонауға күдікті ретінде ұсталған жәбірленушілерді ұрып-соғып, олардан бензин ақысын төлеуді талап еткен деген болжам болған. Сондай-ақ тергеу мәліметіне қарағанда, бөлімше бастығы ұсталған адамдардың бірін қылмыстық жауаптылықтан босату үшін 150 мың теңге сұраған.

Ақмола облысының Целиноград аудандық сотында өткен негізгі сот талқылауында полиция қызметкерлерінің кінәсін дәлелдеу мүмкін болмады. Бірінші сатыдағы сот оларды кінәсіз деп таныды.

«Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 37–42-баптарына сәйкес ақталған адамдардың заңсыз қылмыстық жауапқа тартылуы салдарынан келтірілген зиянды өтетуді талап ету құқығы танылсын», — делінген үкімде.

Сондай-ақ Целиноград аудандық соты прокуратураға қатысты жеке қаулы шығарған: «Осы қылмыстық істі негізгі сот талқылауында қарау барысында алдын ала тергеу органдары дәлелдемелер жинау және бекіту кезінде жол берілмейтін тергеу әдістерін қолданғаны анықталды. Жоғарыда айтылғандардың негізінде, ҚПК 405-бабын басшылыққа ала отырып, бұл факт Қазақстан Республикасының бас прокурорының назарына жеткізілсін».

Ақмола облысы Целиноград ауданының прокуроры үкіммен келіспей, апелляциялық наразылық берген.

«Ақмола облысы Целиноград аудандық сотының үкімі (…) өзгеріссіз қалдырылсын, прокурордың апелляциялық наразылығы қанағаттандырусыз қалдырылсын. Сотқа дейінгі тергеу кезінде тыйым салынған тергеу әдістері қолданылғанын бас прокурорға хабарлаған осы соттың жеке қаулысы (…) өзгеріссіз қалдырылсын, аудан прокурорының жеке наразылығы қанағаттандырусыз қалдырылсын», — делінген Ақмола облыстық сотының апелляциялық алқасының қаулысында.

ДЕРЕККӨЗ:
Tengrinews.kz
https://tengrinews.kz/crime/akmolinskoy-oblasti-sud-opravdal-politseyskih-obvinyaemyih-316478/

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы