Ақтаудағы облыстық психикалық денсаулық орталығының алкоголь мен есірткіге тәуелділікті мәжбүрлеп емдеу бөлімшесінің пациенттері құқықтарының бұзылғанын және медицина қызметкерлерінің тиісті көңіл бөлмейтінін мәлімдеді.
«Мекемеде пациенттердің құқықтары, моральдық және этикалық нормалар өрескел бұзылады. Директордан бастап тазалықшыға дейін әкімшілік құрамға қарапайым адамгершілік жат сияқты. Бізді елемейді, қорлайды — мұны жай сөзбен жеткізу қиын», — деп шағымданды пациенттер.
Хат авторлары тамақ сапасы мен медицина қызметкерлерінің қарым-қатынасына көңілдері толмайтынын жазды. Олардың айтуынша, қызметкерлердің бірі пациентке аллергия тудыратын препаратпен тамырішілік дәрі жіберген.
Пациенттердің мәлімдеуінше, мекемеде қабынуға қарсы дәрілер жоқ, сондықтан қолда болуы тиіс деп есептейтін препараттарды өз ақшасына сатып алуға мәжбүр.
Облыстық орталық басшылығы «Лада» порталына пациенттердің созылмалы улану салдарынан мінез-құлық мәселелері бар екенін мәлімдеді. Басшылықтың сөзінше, олар медицина қызметкерлері мен күзетшілерді бірнеше рет ұрған, қазір өздеріне ерекше назар аударуды талап етеді.
«Шағымдарында негізді тұстар да бар. Мысалы, тамақтануға келсек, үлестің жеткіліксіз екенін өзім көрдім және жеткізушіге мәселені шешуді тапсырдым. Барлық мәселе комиссияда қаралады. Бүгін олармен прокуратура қызметкері кездесті. Сонымен бірге олар кейде дәрігер тағайындаған дәрілерді қабылдаудан бас тартып, тәртіпті бұзады. Кеше сөйлестім, ешқандай оқыс жағдай болған жоқ. Олар аштық жариялау туралы айтты. Мен: “Бір апта уақыт беріңіздер, мәселелерді комиссиямен шешеміз”, — дедім. Арызда аталған қызметкерді уақытша жұмыстан шеттеттік», — деді Психикалық денсаулық орталығының өкілі.
ДЕРЕККӨЗ:
Интернет-басылым Orda.zk
ФОТО: «Лада» газеті (Ақтау)

