Жарияланымдар

Ақтөбелік әйел полиция майоры өзін соққыға жыққанын мәлімдеді

2 мин чтения

Әйел «Диапазон» редакциясына хабарласып, түнде саябақта есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімінің бастығы өзін қорлағанын айтты. Полиция департаменті тексеру жүріп жатқанын хабарлады.

Карина есімді бойжеткен редакцияға хат жазып, полиция майоры, есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімінің бастығы өзін ұрғанын мәлімдеді. Instagram парақшасында ол жарақаттарының суреттерін жариялаған. Оның әңгімесінен үзінді келтіреміз:

«Ол менен тік тұрып, көзіне қарауды талап етті. Бетім мен басымнан қатты шапалақпен ұрды. Құлағанымда қабырғамнан теуіп, шашымнан тартып тұрғызды. Тұр да, төз деп айтты. Бір нәрсені дұрыс айтпасам, қайтадан ұратын. Түнгі екіден таңғы алтыға дейін жалғасты».

«Диапазон» тілшісі жазба авторымен телефон арқылы сөйлесті. Қыз ішкі қауіпсіздік басқармасына және прокуратураға арыз бергенін айтты.

— Ол менің танысым, бұрын қарым-қатынасымыз болған, — деді Карина А. — Кейін екеуміздің үйлеспейтінімізді түсініп, оған айттым. Біраз уақыттан соң кездесуді талап етті, шықпасам бүкіл үйді оятатынын айтты. Сыртқа шыққанда мені Тұңғыш президент саябағына апарып, түнгі екіден таңғы алтыға дейін қорлады, ұрып-соқты, бейнеге түсірді. Кейін көліктен қашып шығып, жалаңаяқ Ғазиза Жұбанова көшесіндегі тұраққа жеттім. Онда бірнеше жігіт мені көріп, үйге жеткізді. Ол кезде таңғы алты болған. Ол қайта келіп, күндізгі үшке дейін ауламда тұрды, анамның көлігінің бамперін соқты. Үйден шыға алмадым, оның достары мен басқа адамдар келіп, мұның саған не қажеті бар деп сұрады. Өзім мен жақындарым үшін қорықтым. Сондықтан Instagram-ға жазуға мәжбүр болдым, содан кейін ғана аңду тоқтады. Полиция мен прокуратураға арыз жаздым, сот-медициналық сараптамадан өттім, нәтижесін күтіп жүрмін. Іс бақылауда деп айтып жатыр.

— Сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, тексеру жүріп жатыр. Нәтижесін қосымша хабарлаймыз, — деп қысқаша жауап берді полиция департаментінің баспасөз қызметі.

ДЕРЕККӨЗ:https://diapazon.kz/news/90975-aktyubinka-zayavila-chto-ee-izbil-maior-policii

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы