Астананың Алматы аудандық № 2 соты елордалық криминалдық полиция бастығының орынбасары Сәкен Сүлейменовті азаптау үшін үш жылға бас бостандығынан айырды.
«Сәкен Сүлейменовті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 146-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыру, үш жыл бойы мемлекеттік қызметте және құқық қорғау органдарында қызмет атқару құқығынан айыру жазасы тағайындалсын. Полиция подполковнигі атағынан айырылсын. Жазасын жалпы режимдегі түзеу колониясында өтесін. Жаза мерзімі 2016 жылғы 7 қыркүйектен бастап есептелсін. Бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалсын», — делінген үкімде.
Сондай-ақ сот жәбірленуші тараптың азаматтық талабын ішінара қанағаттандырып, 500 мың теңге өндіріп беруді ұйғарды.
Бұдан бөлек, бұрынғы полицей жәбірленушінің заңгерлік көмекке жұмсаған шығынын өтеуге міндеттелді.
Еске салайық, мемлекеттік айыптаушы криминалдық полиция басшысының орынбасарына ҰҚК-нің бұрынғы қызметкерін азаптағаны үшін төрт жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұраған. Іс бойынша жәбірленуші — ҰҚК-нің бұрынғы қызметкері Айдын Алпысбаев. Ол 2015 жылғы наурызда астаналық кәсіпкер Игорь Кудинді өлтіруге оқталу ісі бойынша 14 жылға сотталған.
Азаптау бойынша айыпталған полицей соттағы соңғы сөзінде өзінің жұмыс қағидаттары туралы айтты.
Астана ІІД криминалдық полиция басқармасы бастығы орынбасары Сәкен Сүлейменовтің ұсталғаны 2016 жылғы 8 қыркүйекте белгілі болды. Ол азаптауға қатысы бар деген күдікпен қамауға алынған. Жоғары лауазымды қызметкердің ұсталғанын қаланың сол кездегі прокурорының бірінші орынбасары Тимур Сүлейменов растады. 14 қыркүйекте Сәкен Сүлейменовке қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқаны хабарланды. Ол сотталған адамның арызынан кейін ұсталған.
Әлеуметтік желілерде полиция басшысының қамауға алынған орынбасарын қолдағандар болды. Мадияр Әбсәләмов Facebook парақшасында Сәкен Сүлейменовке тағылған айыппен келіспейтінін жазды. Ол жазбасында басқарма басшысы орынбасарының 2014 жылғы 30 наурызда болған қылмысты ашқанын баяндаған.

