Астана қалалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының департаменті тұтқын Жаслан Сүлейменовке қолданылған азаптау туралы сотқа дейінгі тергеуді тоқтатты. Күдіктілер ретінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаменті (ҰҚКД) қызметкерлері қарастырылған бұл іс Астана тұрғыны Сүлейменовтің шағымы бойынша БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитеті осы жылдың наурызында шешім қабылдағаннан кейін тергеле бастаған. Істі тоқтату туралы қаулыда бұрын екі рет тергеуге дейінгі тексеру жүргізіліп, қылмыстық іс қозғаудан бас тартылғаны айтылған.
Биыл тамызда БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитетінің 21 наурыздағы шешімі негізінде қалалық прокуратура бұрынғы қаулылардың күшін жойып, «Азаптау» бабы бойынша жаңа сотқа дейінгі тергеу бастаған. Алайда тергеу әрекеттерінен кейін Астанадағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің тергеушісі Мұстафин ҰҚКД қызметкерлеріне қатысты қылмыстық істі «қылмыс құрамының болмауына байланысты» тоқтату туралы қаулы шығарған.
Бұрын сотталған Жаслан Сүлейменовтің айтуынша, ол адвокатымен бірге бұл қаулыға шағым бермек. Сүлейменов ұсталғанда, қамауға алынғанда және түрмеде болғанда өзіне азаптау жасалғаны жөнінде жаңа арыздар бергенін айтты.
Осы жылдың наурызында БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитеті Қазақстан Жаслан Сүлейменовке қатысты Азаматтық және саяси құқықтар туралы пактінің 7-бабын бұзды деген шешім шығарды. Комитет ел ішінде құқықтық қорғаудың тиімді құралдары қамтамасыз етілмегенін және тұтқынның адамгершілікке сай қарым-қатынасқа құқығы бұзылғанын таныды.
Терроризм айыбымен сегіз жыл түрмеде отырған, Астананың 40 жастағы тұрғыны Жаслан Сүлейменов өзін кінәсіз деп санайды. Қазақстан колонияларында мүгедектігі бар адамдарға қажетті жағдай болмағандықтан, ол қамауда болған уақытының басым бөлігін жатып өткізген. Ақмола облысы Степногорск қаласындағы колониядан Жаслан Сүлейменов осы жылдың ақпан айының басында босап шықты.
ДЕРЕККӨЗ:
https://rus.azattyq.org/a/28858961.html

