4 қарашада Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотында Атырау қалалық ІІБ қызметкерлері тобын қылмыстық жауапқа тарту ісі бойынша алдын ала тыңдау өтті. Отырыс жабық жағдайда өткізілді, деп жазады «Ақ Жайық».
Тыңдауда күдіктілер Ким мен Өтеуовтің адвокаттары қалалық ІІБ басшыларын қылмыстық жауапқа тарту үшін қылмыстық іс материалдарын қосымша тергеуге жіберу жөнінде өтінішхат берді. Тағы үш күдіктінің қорғаушылары бұлтартпау шарасын өзгертуді сұрады. Бұл туралы күдікті Іздібаевтың адвокаты Талғат Мұқатанов хабарлады.
Оның сөзінше, қалалық криминалдық полицияның бұрынғы бастығы Нұрболат Қабдешев пен қалалық ІІБ аға жедел уәкілі Бейбіт Шалтеновке қатысты жеке қылмыстық іс бөлінген. Адвокат сот алдында тоғыз полиция қызметкері жауап беретінін айтса, облыстық соттың баспасөз қызметі жеті адам туралы хабарлаған.
«Олар Өтеуовтің жауаптарына сүйеніп күдікке ілінген, тергеу материалдарында мұның расталғаны айтылады. ІІБ басшылығының нұсқауларын орындап, азаматтарды заңсыз ұстаған, қылмыстық істерді қолдан жасаған, кейін оларды тоқтатқан. Күдіктілер арасында тергеушілер, жедел уәкілдер және анықтаушылар бар», — деді адвокат.
«Менің қорғауымдағы адамға бір эпизод тағылса, күдіктілердің біріне 16 эпизод тағылған. Өзбекстан азаматтарынан ақша бопсалау айыбы бар. Болмаған ұрлықтар бар. Бір ұрлық Өтеуовтің үйінің жанында қолдан ұйымдастырылған», — деп жауап берді ол айыптау эпизодтары туралы сұраққа.
Осы істі тергеген топ қылмыстық істерге куәгер ретінде тартылған адамдарды тапқан. Олар жалған куәгерлер болып шыққан: тергеу әрекеттеріне қатыспаған, құжаттардағы қолтаңбалар өздеріне тиесілі емес, «жедел ашылған қылмыстар» туралы білмеген. Сотқа көптеген куә шақырылмақ. «Ақ Жайық» хабарлауынша, процесс 15 қараша күні сағат 10:00-де басталады.
Еске салайық, құқық қорғау органдарының қызметкерлері 17 қазанда бұрынғы полиция қызметкері Манарбек Өтеуовтің интернетте жарияланған хатына қатысты тергеу барысында ұсталған. Өтеуов 2016 жылғы мамырда Өзбекстан азаматын аса қатыгездікпен өлтіргені үшін 22 жылға сотталған еді. Бас прокуратура жүргізіп жатқан тергеу аясында ұсталғандарға екі эпизод бойынша «топ болып пайда табу мақсатында билікті асыра пайдалану» айыбы тағылып отыр.
ДЕРЕККӨЗ:
https://tengrinews.kz/crime/devyat-politseyskih-predstanut-pered-sudom-v-atyirau-305524/

