Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасы 14 ақпанда қалалық ішкі істер басқармасының тоғыз қызметкеріне қатысты қоғам назарын аударған іс бойынша апелляциялық шағымды қарады, деп хабарлайды «Ақ Жайық».
Хабарланғандай, апелляциялық шағым төрт полицейдің – Азамат Доспанов, Ілияс Стамғалиев, Ернар Іздібаев және Нұржан Оразғалиевтің ісі бойынша қаралды. Олар өткен жылдың 28 желтоқсанында билікті асыра пайдалану, қызметтік жалғандық жасау және дәлелдемелерді бұрмалау үшін кінәлі деп танылып, әрқайсысы офицерлік шенінен айырылып, үш жылға бас бостандығынан айырылған болатын.
Басылым мәліметінше, сотталғандар отырысқа жеткізілмеген. Адвокаттар соттан қорғауындағы адамдардың жас екенін, қызмет орнынан оң мінездемелері барын және кейбірінің күрделі отбасылық жағдайын ескеруді сұрады. Мәселен, Стамғалиевтің асырауында екі кәмелетке толмаған баласы бар, ал Оразғалиев – ата-анасының жалғыз баласы. Қорғау тарапы Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты да жеңілдік жасауды өтініп, отырысқа төрағалық еткен облыстық сот төрағасы Марғұлан Бектұрғановқа бұрынғы полицейлерге тағылған қылмыстардың ауыр қылмыстар санатына жатпайтынын еске салды.
Қысқа кеңесуден кейін сот төртеуін де қамаудан босатып, бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындады. Доспанов пен Стамғалиевке бір жылдан, Оразғалиевке екі жыл үш ай, ал Ернар Іздібаевқа бір жыл 11 ай бас бостандығын шектеу жазасы берілді. Үкім жарияланған сәттен бастап күшіне енді. Манарбек Өтеуовтің ісі бойынша өткен өзге бес бұрынғы полицейге келсек, Александр Ким, Әли Қабдешев, Аслан Хайруллин және Әзидулла Баянов прокурормен процестік келісім жасасып, кінәсін ішінара мойындаған. Өткен жылдың 27 желтоқсанында Баянов пен Қабдешев үш жылға бас бостандығынан айырылған, ал Хайруллин мен Кимге екі жыл бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған. Процестік келісім жасалған жағдайда Қылмыстық-процестік кодексте апелляция көзделмейтіні атап өтілген.
Еске салайық, қалалық ішкі істер басқармасы қызметкерлерінің бір тобы «өкінген полицей» атанған Манарбек Өтеуовтің ашық хатынан кейін сотқа тартылған. Ол Өзбекстан азаматы Дмитрий Кимді өлтіргені үшін қазіргі уақытта 22 жылға сотталған. Хатта Өтеуов кісі өлтіргенін мойындап, туыстарынан кешірім сұраған және бұрынғы әріптестері мен полиция басшылығын тапсырыспен кісі өлтіруді ұйымдастырды, бопсалаумен, рейдерлікпен, жезөкшелікке қамқорлық жасаумен және қылмыстық істерді бұрмалаумен айналысты деп айыптаған.
ДЕРЕККӨЗ:
https://tengrinews.kz/events/gromkiy-protsess-atyirau-delu-uteuova-amnistirovali-312226/

