Ақтөбеде есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының 30 жастағы тергеушісі Сұлтан Сырлыбайұлы қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген айыппен сот алдында жауап беріп жатыр.
Полиция қызметкеріне қатысты іс есірткі қылмысы үшін сотталған ер адамның жұбайы арыз жазғаннан кейін қозғалған.
«29 наурызда жалдамалы пәтерімізде тінту жүргізілді. Содан кейін күйеуімді алып кетті, одан жарты келі марихуана мен екі ұялы телефон табылды. Үйде 323 мың теңге болды, соның 300 мыңы — менің жинаған ақшам. Сырлыбайұлы маған екі жол бар екенін айтты: не барлық ақшаны алғаным туралы қолхат жазамын, сонда күйеуіме шартты түрде төрт жыл береді; не күйеуімнен жарты келі емес, бір келі есірткі табылғанын жазады, ал мені сыбайлас ретінде іске тартады. Ондай жағдайда күйеуім 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін еді. Қорқып кетіп, келістім. 323 мың теңгенің Сырлыбайұлы маған тек 140 мыңын қайтарды», — деді А. Сандыбаева.
Басылым жәбірленушінің кәсіби массаж жасаушы болып жұмыс істейтінін және екі жоғары білімі бар екенін атап өтті. Әйелдің айтуынша, тергеуші оған күндіз-түні қоңырау шалып, массаж жасауды талап еткен.
«Ол адаммен жақын қатынаста болдым, ол дегеніне жетті. Мен айқайлаған да, тырнаған да жоқпын. Қасқыр болсам, тамағын шайнап тастар едім! Бірақ біз адамдар қоғамында өмір сүріп жатырмыз, мұнда заң үстемдік етуі тиіс. Ол билік өкілі болатын. Мұндай адамдардың өмірден қалағанының бәрін ала беретіні қорқынышты. Оларға бәрі рұқсат етілгендей!» — деді ол сотта.
Ал полиция қызметкері жағынан келген куәгерлер Сандыбаеваның арызын күйеуі жеті жылға сотталған әйелдің кек алуы деп атады.
ДЕРЕККӨЗ:
https://tengrinews.kz/crime/jenschina-opisala-sude-zanimalas-intimom-aktyubinskim-313983/

