Жарияланымдар

Азаптау шағымдарынан кейін Заречный колониясында қатыгездік қаупі жоғары екені анықталды

2 мин чтения

Астана, 19 қыркүйек. КазТАГ. Заречный кентіндегі колонияда азаптау туралы шағымдардан кейін сотталғандарға қатыгез қарау қаупі жоғары екені анықталды, деп хабарлады Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі уәкілінің баспасөз қызметі.

«Соңғы бір айда азаптаудың алдын алу жөніндегі ұлттық алдын алу тетігіне (ҰАТ) Алматы облысындағы ЛА-155/12 мекемесі қызметкерлерінің сотталғандарға қатыгез және қадір-қасиетін қорлайтын қарым-қатынас көрсететіні туралы шағымдар түсті. Жағдайды анықтау үшін 28 тамызда аталған мекемеге арнайы алдын алу сапары ұйымдастырылды. Оның нәтижесінде ҰАТ-тың Алматы облыстық тобы қатыгез қарым-қатынас қолдану қаупін арттыратын факторларды анықтады», — делінген сәрсенбіде таратылған хабарламада.

ҰАТ жұмысын үйлестіретін омбудсмен мекемесі заң бұзушылықтарды жою және фактілер расталған жағдайда өкілеттіктерін асыра пайдаланған лауазымды тұлғаларды жауапқа тарту үшін прокурорлық ықпал ету шараларын қабылдауды сұрап, Бас прокуратураға жүгінген.

«Қалыптасқан жағдайға байланысты бас прокурор қажетті тексеру жүргізу және тиісті шаралар қабылдау үшін мекемеге Бас прокуратура мен омбудсмен аппаратының өкілдерінен тұратын арнайы топ жіберді. Мониторинг нысанына барған топ шағымдар аясында мекемедегі жағдайды жан-жақты зерттеп, арыз иелерімен және колония әкімшілігімен жеке кездесулер өткізді. Жұмыс нәтижелері тиісті шаралар қабылдау үшін бас прокурорға баяндалады», — делінген хабарламада.

Бұған дейін ЛА-155/12 мекемесінде жазасын өтеп жатқан Самат Саттаровтың туыстары оның ауруханаға түсу мақсатында бұранда жұтып қойғанын айтқан. Олардың сөзінше, ол осылайша азаптаудан құтылуға тырысқан. Сотталған адамға операция жасалған, ал Қазақстан Ішкі істер министрлігі бұл жағдай бойынша тергеу бастаған.

ДЕРЕККӨЗ:
https://zonakz.net/2018/09/19/povyshennye-faktory-zhestokogo-obrashheniya-nashli-v-tyurme-v-zarechnom-posle-zhalob-na-pytki/

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы