Қылмыстық құқық бұзушылықтардан зардап шеккен азаматтарға өтемақыны Жәбірленушілерге өтемақы төлеу қорынан беру жоспарланып отыр. Тиісті заң жобасын сәрсенбі күні Мәжіліс депутаттары жалпы отырыста бірінші оқылымда мақұлдады.
«Заң жобасы қылмыстық құқық бұзушылықтардан зардап шеккен жәбірленушілердің жекелеген санаттарына ақшалай өтемақы төлеудің құқықтық негіздерін белгілейді. Санаттар Қылмыстық кодекстің 62 бабы бойынша айқындалған. Заң жобасында құқық қорғау органдары тиісті іс-шараларды жүргізіп жатқан алғашқы кезеңде жәбірленушілерге ең төменгі қолдау болып саналатын ақшалай өтемақы мөлшері белгіленеді. Кейіннен прокуратура органдары аталған өтемақыны кінәлі адамнан өндіріп алады», — деп түсіндірді құжатты таныстырған қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.
Мұндай өтемақы алуға құқылы азаматтар аз емес. Бас прокуратура дерегінше, 2015 жылғы жағдай бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтардан зардап шеккен 6 мыңнан астам адамға жалпы сомасы шамамен 600 млн теңгеге біржолғы қаржылық көмек төлеу қажет. Атап айтқанда, кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған қылмыстар, сексуалдық зорлық-зомбылық, адам саудасы және азаптауға байланысты істер бойынша 638 жәбірленуші бар (өтемақы — 30 АЕК, төлемдердің жалпы сомасы — 40,6 млн теңге). Денсаулыққа ауыр зиян келтіру және АИТВ/ЖИТС жұқтыруға байланысты қылмыстар бойынша 2840 адамға 40 АЕК мөлшерінде, барлығы 241 млн теңге төленуі тиіс. Жәбірленушінің өліміне әкеп соққан қылмыстар бойынша 3157 адамға 50 АЕК мөлшерінде, барлығы 334,8 млн теңге қарастырылған.
Үкіметтің ойынша, қор құру өтемақы төлеу тәртібін жеңілдетіп, жеделдетуге тиіс.
Заң жобасына сәйкес қор салықтық емес түсімдерден қалыптасады. Оларға, атап айтқанда, сот белгілейтін тіркелген төлемдер; адвокатты, прокурорды және сотталушыны қоспағанда, жәбірленушілерге, куәларға, мамандарға, аудармашыларға және өзге адамдарға процестік міндеттерді орындамағаны әрі сот отырысында тәртіп бұзғаны үшін салынатын ақшалай өндіріп алулар кіреді. Сондай-ақ соттың заңды күшіне енген айыптау үкімімен түзеу жұмыстары тағайындалған сотталған адамның табысынан ұсталған сомалар және сотталғандардан регресс тәртібімен өндірілген қаражат қорға аударылады. Бұдан бөлек, жоба бойынша айыптау үкімі шыққанда кінәлі адамдардан (кінәлі деп танылған кәмелетке толмаған адамның заңды өкілдерінен немесе жеке тұлғаның қылмыстық әрекетінен келген зиян үшін материалдық жауапты заңды тұлғадан) қорға тіркелген төлем өндіріліп алынады. Қылмыстық теріс қылықтар үшін — 5 АЕК, онша ауыр емес қылмыстар үшін — 10 АЕК, ауырлығы орташа қылмыстар үшін — 15 АЕК, ауыр қылмыстар үшін — 20 АЕК, аса ауыр қылмыстар үшін — 30 АЕК белгіленген.
Заң жобасында қор қаражатының қалдығын мемлекеттік бюджетке алуға болмайтынын да бекіту ұсынылады.
Қордың әлеуметтік-экономикалық жағдайға ықпалы жөніндегі болжамда заң жобасын жүзеге асыру республикалық бюджет кірістерін жылына 1,2 млрд теңгеге азайтатыны айтылған. Дегенмен қор құру туралы шешімді Республикалық бюджет комиссиясы 2014 жылы-ақ қолдаған.
ДЕРЕККӨЗ: http://abctv.kz/ru/news/postradavshim-ot-pytok-vyplatyat-po-30-mrp

