Жарияланымдар

Азаптауға айыпталған полиция қызметкерлері толық ақталды

2 мин чтения

Түркістан облысының Ордабасы аудандық сотында ҚР Қылмыстық кодексінің 146-бабы 2-бөлігі 1 және 3-тармақтары (адамдар тобымен жасалған, жәбірленушінің денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтірген азаптау) бойынша айыпталған қылмыстық полицияның төрт қызметкеріне қатысты сот процесі аяқталды.

Айыптау материалдарына сәйкес, қылмыстық іздестірудің үш жедел уәкілі — 1985 жылы туған капитан Азамат Бөгеналиев, 1987 жылы туған капитан Руслан Үсенов және 1998 жылы туған лейтенант Жалғасхан Толыбай — Ордабасы аудандық полиция бөлімінің криминалдық полиция бастығы, 1988 жылы туған Нұргелді Зияевтің басшылығымен 2020 жылғы наурызда мал ұрлады деген күдікпен жергілікті екі жігітті ұстаған. Алыстағы ауылда ұсталған күдіктілерді аудан орталығына апара жатқан жолда, адам жоқ далада, мойындау айғағын талап етіп ұрған делінеді. Күткен жауапты ала алмаған соң оларды аудандық бөлімге жеткізіп, азаптауды жалғастырған деген айып тағылды. Тергеу нұсқасы бойынша, ұсталғандарды противогазбен тұншықтырып, біреуінің қол басын сындырған.

Алайда сот талқылауы барысында мемлекеттік айыптаушы — арнайы прокурор тағылған қылмыстарға жеткілікті дәлел ұсына алмады. Сотта айыптаудың барлық тармақтары теріске шығарылып, нәтижесінде төрт айыпталушы да толық ақталды.

Тергеуде алынған заттай дәлелдердің арасында Ордабасы аудандық полиция бөлімі бөлмелерінің бірінен табылған противогаз болды, ол азаптау құралы ретінде қарастырылған. Айыптау нұсқасында күдіктінің басына противогаз кигізіп, түтігін қысып, оттегі жолын бөгегені, соның салдарынан есінен танғаны айтылған. Дегенмен бұл мән-жайлар аталған іс бойынша расталмады. Сот противогазды полиция қызметі үшін қажетті құрал емес деп есептеп, аудандық төтенше жағдайлар басқармасына берді.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

ДЕРЕККӨЗ:

Интернет-басылым Ratel.kz

https://ratel.kz/raw/politsejskie_obvinjaemye_v_pytkah_polnostju_opravdany

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы