Жарияланымдар

Бір сәтте басына противогаз кигізілді

Шығыс Қазақстандағы шағын Риддер қаласының полицейлердің әрекеті арқылы танылуы бірінші рет емес. Бұл жолы сөз азаптау туралы. 2017 жылғы 28 наурызда Шығыс Қазақстан облысы прокура

2 мин чтения

Шығыс Қазақстандағы шағын Риддер қаласының полицейлердің әрекеті арқылы танылуы бірінші рет емес. Бұл жолы сөз азаптау туралы.

2017 жылғы 28 наурызда Шығыс Қазақстан облысы прокуратурасының 6-басқармасының бастығы А. Аринов Риддер қалалық ішкі істер бөлімінің криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілдері, полиция офицерлері Тимур Болатбековке, Рүстем Бәкенбаевқа және Еруслан Купановқа қатысты азаптау қолданды деген күдік бойынша айыптау актісін жасады.

Одан бұрын, өткен жылдың 20 шілдесінде кешкісін Болатбеков Олег Виненко есімді адамды кабинетіне кіргізіп, бұған дейін бірге ішімдік ішкен Александр Доцюкке ауыр дене жарақатын салғанын мойындауға көндіре бастаған. Белгілі болғандай, біреу Доцюктің көзін жарақаттаған, бірақ қатты мас болғандықтан, ол мұны кім жасағанын есіне түсіре алмаған. Алдымен полицейлер оның спирттік ішімдікті жиі пайдаланатын жұбайынан күдіктеніп, кейін Виненкоға ауысқан. Ал Виненко кінәсіз екенін айтып тұрған.

Содан кейін полицей көмекке жедел уәкілдер Бәкенбаев пен Купановты шақырған. Олар жауап алуды тез арада күш қолдануға айналдырған: Бәкенбаев Виненконың сол жақ иегінен бір рет, күн тұсынан екі рет жұдырықпен ұрған. Сосын жауап алынып жатқан адамды еденге отырғызған. Купанов оның қолын арқасына қайырып ұстап тұрған кезде әріптесі басына противогаз кигізіп, түтігін жауып тастаған. Виненко оттегі жетіспей қалтырай бастағанша бұл әрекет үш рет қайталанған.

Осыдан кейін Олег Виненко кез келген кінәні мойындауға тез келіскен. Бұдан әрі оған күдікті мәртебесін берген тергеуші іске кіріскен: Виненконы күш қолданбай, бірақ қорғаушысыз жауапқа тартқан. Азаптау қайталана ма деп қорыққан Олег өз мойындауын тағы қайталаған.

Кейін сот-медициналық сараптама Виненконың денесінен оның айтқандарын растайтын бірқатар жарақат анықтады.

Сотталушы бұрынғы полицейлер кінәсін мойындамады. Олар адвокаты арқылы Бас прокурор мен Ішкі істер министріне сот тергеуінің барысын жеке бақылауға алуды сұрап жүгінді. Алайда бұл көмектеспеді.

16 маусымда Риддер қалалық соты үшеуін де кінәлі деп тауып, Болатбеков пен Бәкенбаевты үш жарым жылға, ал Купановты үш жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

Бұдан бөлек сот олардан жәбірленушінің пайдасына 300 мың теңге өндірді.

2017 жылғы 3 шілдеде Шығыс Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық алқасының қаулысымен Риддер қалалық сотының үкімі өзгеріссіз қалдырылып, заңды күшіне енді.

Қазақстандағы құқық қорғау, жедел іздестіру және тергеу жұмыстарының осындай жабайы әрі заңсыз әдістері азаматтардың полицияға деген орынды наразылығын, теріс көзқарасын күшейтетіні сөзсіз. Дегенмен оң үрдісті де байқауға болады: Қазақстан прокуратурасы іс жүзінде адам құқықтарын қорғау міндетін атқара бастаған. Кем дегенде Виненко ісі полиция формасын киген қылмыскерлердің де жауапқа тартылуы мүмкін екенін көрсетті.

ДЕРЕККӨЗ:
https://bureau.kz/novosti/sobstvennaya/raz_i_nadet_protivogaz/

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы