Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданындағы Успеновка ауылының учаскелік полиция қызметкері Самат Жаймағамбетов ауыл тұрғынын ұрғаннан кейін жұмыстан шығарылды, деп хабарлайды өңірлік «Мой Город» порталы.
БҚО ІІД жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Кенжебек Құсбаевтың айтуынша, бұрынғы учаскелік инспекторға қатысты «Лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
«Тәртіптік кеңесте Самат Жаймағамбетовтің әрекеті қаралып, оның лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны анықталды. Қазір оған қатысты тергеуді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және мемлекеттік қызмет істері жөніндегі ұлттық бюро жүргізіп жатыр», — деді Кенжебек Құсбаев.
Сондай-ақ БҚО ІІД жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары бұрынғы учаскелік инспектордың елден кетпеу туралы қолхатпен жүргенін айтты.
Учаскелік полицейге қатысты тергеу әлеуметтік желілерде оның Успеновка ауылының тұрғыны Эльдар Мұқашевты ұрып жатқан бейнежазбасы жарияланғаннан кейін басталды.
ДЕРЕККӨЗ:
http://newtimes.kz/eshche/regiony/item/52791-v-zko-uvolen-uchastkovyj-inspektor-izbivshij-selchanina

