Жарияланымдар

Екі ортада қалған шешім

3 мин чтения

Заңда көзделген барлық негізі бола тұра, сотталған адам жазасының өтелмеген бөлігін айыппұлға ауыстыруды сұрады. Колония әкімшілігі де оның өтінішін қолдады. Сот та негізінен қарсы болған жоқ, бірақ адамның толықтай бостандыққа шығуына мүмкіндік бермейтін жол тапты.

Шығыс Қазақстан адам құқықтары жөніндегі бюросының қызметкерлері Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында сотталған Штейннің жазасының өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза — айыппұлға ауыстыру туралы өтінішін қараған отырысқа бақылаушы ретінде қатысты.

Жазаның өтелмеген бөлігін айыппұлға ауыстыру — сотқа бас бостандығынан айырудың не бас бостандығын шектеудің қалған мерзімін ақшалай айыппұлмен алмастыруға мүмкіндік беретін құқықтық тетік. Мұндай ауыстыру кезінде сот ҚР ҚК-нің 73-бабы 3-бөлігін басшылыққа алады және бұл норманы қолдану үшін бірнеше шарт орындалуға тиіс.

Сотталған адам онлайн қатысқан отырыста Бюро қызметкерлері мекеме әкімшілігінің де, сотталған адамның өзі мен қорғаушысының да тыңғылықты дайындалғанын атап өтті.

Сотталған адам жазасының өтелмеген бөлігін айыппұл түріндегі жеңілірек жазаға ауыстыру туралы өтініш білдірді. Ол өтініш беру үшін қажетті мерзімді өтегенін, үш көтермелеу алғанын, жазасын жеңілдетілген жағдайда өтеп жатқанын, мінез-құлқының екінші оң дәрежесі белгіленгенін, берешегі жоқ екенін, сотталғандардың ерікті ұйымына кіретінін, тұратын жері мен жұмысы кепілдендірілгенін алға тартты.

Сотталған адам жазасын өтеп жатқан мекеменің әкімшілігі оған оң мінездеме беріп, өтінішін толық қанағаттандыруды сұрады.

Оның адвокаты да осы ұстанымды қолдап, жазаның өтелмеген бөлігін ауыстыру үшін барлық талап орындалғанын және өтініш қанағаттандырылуға тиіс екенін атап көрсетті.

Сот істің барлық мән-жайын қарап, сотталған адамның өтінішін қанағаттандыру үшін заңда көзделген негіздердің бәрі бар және ҚР ҚК-нің 73-бабын қолдануға ешқандай шектеу жоқ деген қорытындыға келді. Алайда істің мән-жайы мен жасалған әрекеттің сипатын ескеріп, өтелмеген бас бостандығынан айыру мерзімін айыппұлға емес, бас бостандығын шектеуге ауыстыру қажет деп шешті.

Бұған сотталған адамның айыппұл төлеуге қабілетті екенін тек ауызша растауы себеп болған. Расында, айыппұлға дайындалған қаражат сот отырысы басталған кезде банк шотына аударылмаған еді. Бірақ сот қысқа үзіліс жариялап, ақша аударуға мүмкіндік бере алар еді. Белгісіз себеппен олай етпеді.

Бас бостандығын шектеудің бір ерекшелігі бар: пробациялық бақылау белгіленеді, сотталған адам мәжбүрлі еңбекке тартылып, бірқатар міндет жүктеледі. Атап айтқанда, оның мінез-құлқын қадағалайтын уәкілетті мемлекеттік органға хабарламай тұрақты тұрғылықты жерін, жұмысын немесе оқу орнын өзгертпеуге; белгілі бір орындарға бармауға; психикалық белсенді заттарды медициналық емес мақсатта қолданбауға; тұрақты жұмысы не оқуы болмаса, бір ай ішінде жұмыспен қамту органында жұмыссыз ретінде тіркелуге; жұмыс пен оқудан бос уақытта тұрғын үйінен шықпауға; белгіленген күндері пробация қызметіне тіркелу және тәрбие жұмысына қатысу үшін келуге, сондай-ақ түзелуге әрі жаңа құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған басқа да талаптарды орындауға тиіс.

Шын мәнінде сот сотталған адамның өтінішінде көрсетілген талаптардың шегінен шығып, ол сұрамаған жаза түрін қолданды.

Бас бостандығын шектеумен келіспеген сотталған адам апелляциялық сатыға жүгінді. Бірақ Шығыс Қазақстан облыстық соты Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының қаулысын заңды әрі негізді деп танып, өзгеріссіз қалдырды.

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы