Петропавлдағы әйелдер колониясында жазасын өтеп жүргендер азаптауға, жиі ұрып-соғуға және қорлауға шағымданды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Кісі өлтіруге оқталғаны үшін жазасын өтеп жүрген Светлана Егорованың туыстары оның Петропавл әйелдер колониясында қатыгез азаптау мен қорлауға ұшырайтынын мәлімдеді. Олар «АстанаТВ» телеарнасының журналистеріне колонияда сотталғандардың басынан ұрып, электрошокер қолданылатынын айтқан.
Сотталған әйелдің шағымын отбасына бостандыққа шыққан камераласы жеткізген. Бұрынғы сотталғандар өздерін азаптаған адамдардың аты-жөнін алғаш рет атаған.
Қылмыстық-атқару жүйесінің өңірлік департаменті Егорованың қатаң жағдайларда ұсталып отырғанын растады. Алайда жүргізілген тексеруден кейін колония қызметкерлерінің «заңсыз әрекеттері» анықталмаған. Тіпті әйелдің медициналық картасында дене жарақаттары туралы мәлімет жоқ.
Телеарна мәліметінше, алғашында әйел үнемі хат жазып тұрғанымен, кейін хабарсыз кеткен. Наурызда отбасы ұзақ күткен хатты Светаның бостандыққа шыққан камераласы әкелген. Ол колонияда болып жатқан қатыгездікті баяндаған.
«Онда қорлайды. Керзі етікпен ұрады, электрошокер қолданады. Ол қызыңыз үнемі қатаң жағдайда — бірде СУЗ-да, бірде ДИЗО-да отыратынын айтады. Хаттар мен шағымдар ешқайда жіберілмейді, керісінше, одан сайын қорлайды. Әсіресе шағымданғандарды», — деді Светлананың туысы Татьяна Егорова.
Бостандыққа шығар алдында әйел Светлананың хаты салынған медициналық қолғапты жұтып қойған. Шағым сыртқа тек осылай жеткен. Светлана былай деп жазған: «Сотталған әйелдерді жеке камераларға қамайтын. Барлық заттарын алып қоятын. Тіпті етеккір кезінде гигиеналық төсемелер мен жеке тазалыққа қажетті ыдыстар бермейтін. Соның салдарынан әйелдер айғайлап, күйзеліске түсетін. Содан кейін олардың әрекетін бейнетіркегішке түсіріп, тәртіп бұзды деп жаза қолданатын (редакция ескертпесі). Маған көмектесіңіздерші, денсаулығым мен өмірім үшін қорқамын».
Светлана екі хат жазған: бірін туыстарына, екіншісін Бас прокуратураға арыз ретінде. Бұдан кейін отбасы шұғыл Петропавлға барып, кездесуде оның сөздеріне өздері де көз жеткізген.
«Үстінде қара баскиім мен қара шарф болды, шарфын әдеттен тыс қатты орап алған. Мен: „Света, жан қарындасым, саған не болды, неге шарфыңды шешпейсің, мұнда жылы сияқты ғой?“ дедім. Ол шарфын шешкенде, мойнынан тұншықтырудың айқын көгерген, қатқан іздерін көрдім. Сол сәтте бес бақылаушы кездесудің аяқталғанын айтты», — деді сотталған әйелдің әпкесі Наталья Егорова.
Қазір туыстарына Светланамен кездесуге рұқсат берілмейді. Егорова сотталғандарды оқшаулауы күшейтілген қатаң жағдайда отырғандықтан, оған келуге мүмкіндік жоқ екені айтылған.
ДЕРЕККӨЗ: https://tengrinews.kz/kazakhstan_news/elektroshoker-udusheniya-jestokih-pyitkah-rasskazali-344685/

