Жарияланымдар

Ескендір Ерімбетов сотта өзіне азаптау қолданылғанын мәлімдеді

2 мин чтения

Алматыда бүгін басталған кәсіпкер Ескендір Ерімбетов пен өзге адамдарға қатысты болжамды алаяқтық ісі бойынша сот отырысында негізгі айыпталушы өзіне екі ай бойы азаптау қолданылғанын мәлімдеді. Бұл мәлімдеме сотталушының анасы әрі қоғамдық қорғаушысы Ғайни Ерімбетованың ұлын сот залындағы шыны «торда» ұстамай, басқа айыпталушылардың қасында отыруына мүмкіндік беру туралы өтінішінен кейін айтылды.

Ескендірдің әкесі әрі қоғамдық қорғаушысы Мырзахан Ерімбетов жұбайының өтінішін қолдады. Ол ұлына да, істің басқа қатысушыларына да бірдей баптар бойынша айып тағылғанын, сондықтан ұлының сот залында өзгелермен бірге отыруға құқығы бар екенін атап өтті.

Айыптау тарапы Ғайни Ерімбетованың өтінішін қанағаттандыруға қарсы болды. Олардың уәжінше, Ескендір Ерімбетов пен басқа айыпталушыларға әртүрлі бұлтартпау шаралары қолданылған: Ерімбетов тергеу изоляторында қамауда болса, өзгелері үйқамақта отыр. Бұдан кейін Ескендір Ерімбетов тергеу изоляторында екі ай бойы азапталғанын айтты. Сондай-ақ бұлтартпау шаралары әртүрлі болғанымен, бәріне бірдей айып тағылғанын және сот отырысына бір залда қатысып отырғанын атап өтті.

Ескендір Ерімбетов 2017 жылғы қарашада ұсталғаннан кейін өзіне азаптау қолданылғанын бұған дейін де сот ғимаратында айтқан. Алайда алдыңғы мәлімдемелері судья жоқ кезде, отырыс үзілістерінде, яғни ресми емес жағдайда жасалған еді.

Ерімбетовтің ата-анасы мен қорғаушылары бұған дейін оның тергеу изоляторында азаптау мен моральдық-психологиялық қысымға ұшырағанын мәлімдеген. Олардың шағымдары бойынша қылмыстық іс қозғалғанымен, Алматы прокуратурасы шағымдар расталмады деген негізбен оны жапқан.

Ескендір Ерімбетов пен істің басқа қатысушыларына жалпы сомасы 208 миллион теңгеден асатын (сол кездегі айырбас бағамымен 610 мың доллардан астам) жеті эпизод бойынша алаяқтық жасады деген айып тағылған. Тергеу мен айыптау нұсқасына сәйкес қаражат «ұрланған» ұйымдардың арасында алты компания және Жамбыл облысының әкімдігі бар. Кешегі сот отырысында «жәбірленушілердің» бірі, «Қазавиаорманқорғау» өкілі, тергеу залал туралы хабарлағанға дейін өз мекемесінің әуе тасымалымен айналысқан Sky Service компаниясына (Ерімбетов ісінде аталады) ешқандай талабы болмағанын айтты.

Ерімбетов 2017 жылғы 13 қарашада Алматыда «қаржы жымқыру» және «ақшаны жылыстату» күдігімен ұсталған. Қазір болжамды алаяқтық ісі бойынша сот өтіп жатыр. БТА Банкінен заңсыз шығарылды делінген ақшаны «жылыстату» туралы екінші іс сотқа әлі берілген жоқ. Ол істе шетелде тұратын қазақстандық билік сыншысы, БТА Банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязов пен оның заңгері болып жұмыс істеген, Ерімбетовтің әпкесі Бота Жәрдемәлінің есімдері аталады.

Ерімбетовтің жақтастары оны қудалаудың саяси астары бар деп есептейді.

ДЕРЕККӨЗ:
Радио “Азаттык”
https://rus.azattyq.org/a/29341905.html

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы