Жарияланымдар

Мектеп-интернат тәрбиешілері мүгедектігі бар балаларды ұрып, жұмыс істеуге мәжбүрлеген

1 мин чтения

Интернат тәрбиешілері ұзақ уақыт бойы балаларды ұрып-соғып, жұмыс істеуге мәжбүрлеген.

Атырау облысының прокуратурасында Атырау қаласындағы сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернат қызметін тексеру нәтижелері талқыланды,деп хабарлайды Zakon.kz өңірлік прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Интернатта ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 98 бала тұрады. Прокурорлар мүгедектігі бар балаларға қатыгездік көрсету және күш қолдану деректерін анықтаған.

«Интернат тәрбиешілері ұзақ уақыт бойы балаларды ұрып, жұмыс істеуге мәжбүрлеген. Денсаулық жағдайына байланысты балалар бұл туралы ешкімге айта алмаған. Тәрбиешілерді тіпті бейнебақылау камералары да тоқтатпаған. Өкінішке қарай, тек 2018 жылғы желтоқсаннан биылғы қаңтарға дейінгі жазбалар ғана табылды. Бірақ соның өзі сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастауға жеткілікті болды», — деді облыс прокуроры Ернат Сыбанқұлов.

Тергеуді полиция ҚР Қылмыстық кодексінің 140-бабы 2-бөлігі («Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау») бойынша жүргізуде. «Балаларға қатыгездік көрсетуге қатысы бар мекеме қызметкерлері жұмысынан шеттетілді. Іс облыс прокурорының бақылауында», — деп хабарлады прокуратура.

ДЕРЕККӨЗ: https://www.zakon.kz/4963681-vospitateli-doma-internata-izbivali.html

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы