Талдықорғанда Қаңтар оқиғасы кезінде азаптауға ұшыраған адамдар өз мәселелерімен іс жүзінде жалғыз қалған. Өкілдері адамдарды аяусыз азаптаған мемлекет бұл жағдайдан қолын жуғандай болды.
15 шілдеде Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының үйлестірушісі мен сарапшылары Талдықорғанда Қаңтар оқиғалары кезінде азаптауға ұшыраған адамдармен және олардың туыстарымен кездесті.
Алматы облысының орталығы Қаңтар оқиғаларына байланысты ұсталған және қамауға алынған адамдарды ең айуандық, шектен шыққан тәсілдермен азаптаған орындардың біріне айналды. Үтікпен азаптау туралы ғана жиырма бес адам мәлімдеді, бұдан бөлек полиция жылдар бойы жинақталған басқа да амалдарды қолданған.
Кездесуге зардап шеккендер мен олардың туыстары келді, олардың көбіне қайтадан медициналық көмек көрсетілді. Азаптаудан кейін бәрі бас ауруына, жүрек проблемаларына, ішкі ағзалардың зақымдануына, ұйқысыздыққа және жүйке жүйесінің бұзылуына шағымданады. Зардап шеккендердің өздеріне және ата-аналарына психологиялық көмек ұсынылды. Кездесуде түрлі көмекке мұқтаж адамдардың өтініштері жиналды. Көбі отбасымен бірге жалдамалы пәтерде тұрады, Қаңтар оқиғаларынан кейін жетінші ай өтіп жатса да, әлі жұмыссыз.
Қазір Коалиция сарапшылары заң көмегін көрсетумен қатар, адамдарды жұмысқа орналастыру мәселесін шешу үшін әкімдіктермен кездесулер өткізіп жүр. Өйткені кейбір адамдардың тамақ сатып алуға да ақшасы жоқ.
Талдықорғанда құқық қорғаушыларға полиция басқармасындағы азаптау бөлмелерінен өткен тағы бір жігіт жүгінді. Ол аяусыз соққыға жығылған, бірақ кейін тәртіпсіздіктерге мүлде қатысы жоқ болғандықтан босатылған. Бостандыққа шыққан соң қорқыныш пен сенімсіздіктен азаптау туралы ешқайда шағымданбаған.
Жігіттің куәліктері негізінде БҰҰ-ның азаптау мәселесі жөніндегі Арнайы баяндамашысына бұған дейін жіберілген ондаған хабарламаны толықтыратын тағы бір хабарлама дайындалды.
Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының үйлестірушісі Роза Ақылбекова Қаңтар оқиғалары кезінде полицияның қатыгездігінен зардап шеккен екі ағайындыға барды. Олардың бірі — Арлан — сол кезде кәмелетке толмаған. Полицейлер оның төрт тісін қысқашпен жұлып, мұрнын сындырған, ол көп қан жоғалтқан. Қазір Арланға мұрнына операция жасату және тіс импланттарын орнату қажет. Форма киген адамдар оның ағасы Ұланды ұрғанда, Арлан ағасын денесімен қорғауға тырысқан. Арлан сияқты Ұланға да шұғыл медициналық көмек керек: ол жиі есінен танып қалады. Соңғы рет көшеде есінен танып құлаған кезде ернін қатты жарақаттаған.
Олардың қарапайым отбасынан шыққан анасының балаларына көмектесетін қаражаты жоқ.
Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясы қанды Қаңтардың жаңа құрбандарын анықтау және зардап шеккендерге көмек көрсету жұмысын белсенді жалғастырып жатыр.
Өкінішке қарай, бұл мәселеде мемлекетке үміт арту қиын. Ауыр азаптаудан өткен адамдардан жүздеген арыз түссе де, әзірге азаптаушылардың бірде-бірі сот алдына келген жоқ. Мемлекет өкілдері тарапынан азаптауға ұшыраған адамдардың денсаулығынан айырылғаны және басынан өткерген қасіреті үшін лайықты өтемақы алуға үміттенуі де қиын.
Денедегі ауырсыну уақыт өте бәсеңдеуі мүмкін, бірақ психологиялық жара өмір бойы қалмақ. Мемлекеттің әрдайым қамқор қорғаушы емес екені, ал кейде оның қызметшілері кез келген қылмыскерден де қорқынышты болуы мүмкін екені туралы естелік те солай сақталады.

