Жарияланымдар

Мемлекет өз қызметкерлері үшін жауап бермейді

2 мин чтения
Александр Альбрандт

Облыстық сот төменгі сатыдағы соттар сияқты азаптау құрбаны Александр Альбрандттың моральдық зиян үшін өтемақы өндіру талабын қанағаттандырмады.

Біз де, қазақстандық БАҚ та Қостанай облысының Құсмұрын кентінде тұратын, 2014 жылы полицейлердің азаптауына ұшыраған азамат туралы жазғанбыз (қараңыз: «Екі ауыл тұрғыны полицейлерді азаптады деп айыптайды», «Кәдімгі азаптау», «Кешірім сұрамастан құтылды»).

Осы дерек бойынша қылмыстық іс екі жыл қаралған соң тоқтатылғанда, адвокат Снежанна Ким Қостанай облыстық ішкі істер департаментіне азаматтық талап арыз түсірді. Полиция қызметкерлерінің күш қолдануынан зардап шеккен адам моральдық зиянды отыз миллион теңге деп бағалады. Алайда сот ІІД-ге қатысты талапты қанағаттандырудан бас тартты.

28 қарашада Қостанай облыстық соты қалалық соттың моральдық зиянды өтеу талабын қанағаттандырмау туралы шешімін жоюды сұраған апелляциялық шағымды қарады.

Сот жарыссөзінде адвокат Снежанна Ким азаптаудан келген зиянды өтеу жөніндегі азаматтық істің шешімі қылмыстық істің нәтижесіне тәуелді болмауы керектігін бірнеше рет айтты. «Азаптау қолданған адамдар анықталмаған» күннің өзінде дене жарақатын келтіру фактісі дәлелденген, сондықтан мемлекет өз қызметкерлері үшін жауап беруге тиіс, деді ол.

Жауапкердің өкілі қызметкерлердің кінәсі дәлелденбегенін айтып, қарсы уәж келтірді. Оның пікірінше, қылмыстық іс тоқтатылғандықтан, адвокат бірінші сатыдағы шешімді жоюға жаңа негіз ұсына алмаған.

Полиция өкілі «тіпті дене күші қолданылған күннің өзінде, бұл Альбрандттың полицейлерге қасақана бағынбауына байланысты заң аясында жасалған» деп қосты.

Сол күні Қостанай облыстық соты төменгі сатының шешімін өзгеріссіз қалдырып, шағымды қанағаттандырмады.

ДЕРЕККӨЗ:https://bureau.kz/novosti/sobstvennaya_informaciya/gosudarstvo_ne_v_otvete_za_svoikh_sotrudnikov/

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы