Нұр-Сұлтанда Ақтаудан келген мүгедектігі бар қызға полиция қызметкерлеріне күш қолданды деген күдікпен қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Nur.kz Бас көлік прокуратурасына сілтеме жасап.
Оқиға 2019 жылғы 6 тамызда болды. Бала кезінен І топтағы мүгедектігі бар Анастасия Мурашова медициналық тексеруден өту үшін Қазақстан астанасына келген. Оның айтуынша, теміржол вокзалында желілік ішкі істер бөлімінің қызметкерлері оны есінен танғанша ұрған, кейін ауруханаға жатқызуға тура келген.
«Астана» телеарнасының мәліметінше, мәселе қыз кері қайту билетін алмақ болғанда басталған. Пойызда орын болмаған соң кассир шамамен 130 АҚШ долларына тең 50 мың теңгелік билет ұсынған. Бағаға наразы болған қыз шу шығарған, содан кейін кассир көлік полициясын шақырған.
Полицейлер 26 жастағы әйелдің агрессивті әрекет етіп, мас болғанын айтқан. Анасы Наталья Мурашова қызының бүйрек ауруына байланысты ішімдік оның өміріне қауіпті болғандықтан, мүлде ішпейтінін мәлімдеді.
Жәбірленушінің сөзінше, оны ұрып, ішінен тіземен теуіп, қылғындырып, екі күн тамақ бермеген. Анасы осыны растайтын бақылау камераларының жазбаларын көргенін айтқан. Анастасия Мурашова журналистерге полицей үстіне отырып, қолына кісен салмақ болғанда оны тістегенін мойындады.
Лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сонымен бірге Мурашоваға да іс ашылған. Прокуратура екі істің материалдарын зерделеп, оқиғаны толық әрі объективті тергеу үшін қажетті тергеу әрекеттерін жүргізу туралы жазбаша нұсқау берді. Жәбірленуші тараптың нұсқасы бойынша полицейлер істі бір миллион теңгеге «жабуды» ұсынған.
Ақтау тұрғыны туралы 2017 жылы жергілікті Tumba.kz сайты жазған. Сол кезде ол операцияға қаражат жинаған еді. Несепағарлардың қызметі бұзылған сирек урологиялық ауруы екі жасынан басталған. Бала кезінде клиникалық өлімді бастан өткерген, бірнеше сапасыз операциядан соң көк ірің таяқшасын жұқтырып, бір бүйрегінен айырылған және гидронефрозға — несеп ағуының бұзылуына байланысты бүйрек астаушасы мен тостағаншаларының кеңеюіне — шалдыққан.
ДЕРЕККӨЗ:https://fergana.agency/news/112292/

