Жарияланымдар

Өлімге әкелген кедергілер жолағы

3 мин чтения

«Үстірт» шекара заставасында небәрі екі ай қызмет еткен мерзімді әскери қызметші Бақытбек Мырзабековтің өліміне бес әскери қызметкер кінәлі деп танылды. Енді олар сот үкіміне апелляциялық шағым беріп жатыр.

2019 жылғы 27 және 28 ақпанда Астананың Әскери сотында «Үстірт» шекара заставасындағы мерзімді әскери қызметшінің өліміне қатысты бірінші сатыдағы сот үкімі бойынша апелляциялық шағым қаралды.

Әскери қызметін небәрі екі ай атқарған Бақытбек Мырзабековтің қазасына бес әскери қызметкер кінәлі деп танылды.

Осы іс бойынша застава бастығы Бағлан Мұсабаев 4 жылға, бастықтың орынбасары Нұрбол Садабаев пен психолог офицер Нұрлан Ыдырышев 5 жылдан, аты аталмаған тағы екі әскери қызметкер 4 жылдан бас бостандығынан айырылды.

Ресми мәлімет бойынша, Бақытбек Мырзабеков 10 шілдеде аптап ыстықта ұзақ уақыт дене жаттығуларын жасағаннан кейін 15 шілдеде қайтыс болған. Жігіт денсаулығына қатысты шағымдарын басшылыққа жеткізгенімен, олар ескерусіз қалған.

Кедергілер жолағынан өткен соң құлап қалған кезде де оны тұрғызып, жаттығуды жалғастыруға мәжбүрлеген. Ақырында оның жүрек талмасы ұстаған.

Бұдан бөлек, сотта заставада әлімжеттік болғаны, ал сотталған әскери қызметкерлер жас сарбаздарды ұрып-соққаны анықталды.

Алдыңғы қаулыға сәйкес, Садабаев пен Ыдырышев «қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланып, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірген». Алайда апелляциялық отырыста Садабаевтың адвокаты өз қорғауындағы адамның іс-әрекетінде қасақаналық болмағанын дәлелдеуге тырысты.

Адвокаттың айтуынша, 9 шілдеде әскери қызметкерлер арасында төбелес болып, одан кейін Садабаев қызметтік міндеті аясында кінәліні анықтау үшін сарбаздардан жауап алған. Келесі күні таңертең тәртіпті қалпына келтіру мақсатында ол сарбаздарға «қарапайым жаттығу — отырып-тұруды» бұйырған. Адвокаттың сөзінше, сарбаздар осы жаттығуды орындап жатқанда Нұрлан Ыдырышев Садабаевтың бұйрығын өзгертіп, «америкалық көбелек» әдісімен отырып-тұруды тапсырған. Ал бастықтың орынбасары командирінің бұйрығына қарсы шыға алмаған.

Тергеу барысында сарбаздың екі сағат бойы дене жаттығуларын орындауы ағзаның жалпы қызып кетуіне және денсаулығының күрт нашарлауына әкеліп, жүрек талмасын қоздырғаны анықталды. Сотталған Садабаевтың анасының айтуынша, сарбаз оның ұлы басқа қызметке ауыстырылғаннан бес күн өткен соң қайтыс болған, ал 12 шілдеде ұлы бөлімнен кеткен. Дегенмен оқиға болған 10 шілдеде ол әлі де «Үстірт» заставасында өз міндетін атқарып жүрген.

Басқа айыпталушылардың қорғаушылары қайтыс болған сарбаздың жүрек ауруын өзі жасырғанын мәлімдеді. Оның үстіне мәйітті ашып қарау кезінде сарбаздың қанынан 0,34 промилле этил спирті табылған-мыс.

Бірінші сатыдағы негізгі сот талқылауында куә Құсанов 2018 жылғы 11 шілдеде жұмыс жоспарына сәйкес «Көктем-2018» шақырылымының жас сарбаздарымен әңгімелесу өткізілгенін хабарлаған. Сол кезде Мырзабеков денсаулығына шағымданып, 11 жасында жүрегі ауырғанын және туыстары мұны білетінін айтқан. Бірақ мұндай жағдайда оның медициналық комиссиядан қалай өткені түсініксіз.

Келесі сот отырысы 19 наурыз күні сағат 16.00-де жалғасады.

ДЕРЕККӨЗ: https://bureau.kz/novosti/sobstvennaya_informaciya/polosa_prepyatstvii_s_fatalnym_koncom/

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы