Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Бас прокурорға үндеу жолдады.
2018 жылғы Ұлттық алдын алу тетігінің (ҰАТ) қызметі туралы жиынтық баяндаманы әзірлеу аясында Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Асқар Шәкіров пенитенциарлық жүйе мәселелері бойынша Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовке үндеу жолдады. Омбудсмен Қазақстан колонияларында сотталғандарға қатыгездік көрсету фактілері объективті тергелмейтінін атап өтті, деп хабарлады Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің баспасөз қызметі.
Құжатта айтылғандай, 2018 жылы баяндама авторлары 33 тергеу изоляторы мен 90 түзеу мекемесін аралаған. Жоспардан тыс 27 сапардың 24-і пенитенциарлық мекемелерге жасалған.
«Бұл үндеуге жоғарыдағы мониторинг нәтижелерін талдау негіз болды. Олар қоғамнан оқшаулау орындарында қатыгездік көрсету және шамадан тыс күш қолдану үрдісінің сақталып отырғанын көрсетеді. Елдің түрлі өңірлеріндегі жұмыс туралы есептерінде ҰАТ қатысушылары қатыгездік құрбандарына медициналық куәландырудың тиісті деңгейде жүргізілмейтінін, осындай фактілер бойынша шағым жасауына кедергі келтірілетінін атап өтеді. Құқық қорғаушылар құжаттаған тексеру қорытындылары мекеме қызметкерлерінің негізінен жазалауға бағытталған әрекеттерін көрсетеді. Бұл Азаптауға қарсы халықаралық конвенцияға сәйкес қатыгез қарым-қатынас белгісі саналады», — делінген баспасөз хабарламасында.
Омбудсмен құқық қорғау органдары мұндай оқиғаларды объективті әрі жан-жақты зерттемейтінін атап өтіп, ҰАТ қатысушылары мен прокуратураның аумақтық бөлімшелері арасындағы өзара іс-қимыл айтарлықтай әлсірегеніне назар аударды. Мысалы, 2018 жылы прокурорлық ден қою шараларын қабылдау үшін прокуратураға жіберілген ҰАТ есептерінде ресми тіркелген 31 қатыгездік фактісінің 29-ы расталмады деген себеппен тоқтатылған. Жалпы өткен жылы ҰАТ қызметінің қорытындысы бойынша құқық қорғау органдарына 118 нақты ұсыным жіберілген.
Сонымен қатар омбудсменнің пікірінше, «қазір пенитенциарлық мекемелер түрлі жағдайларға байланысты, соның ішінде еңбекпен қамтудың, тиімді тәрбие бағдарламасының және тиісті қайта әлеуметтендірудің болмауынан, ондағы адамдардың радикалдануына осал болып отырғандықтан», бұл мекемелер қызметінің заңдылықты сақтау тұрғысынан қадағалануы мен бақылануы «айрықша өзекті». Шәкіров «бас бостандығынан айыру орындарында құқықтық тәртіпті, қауіпсіздік пен заңдылықты қамтамасыз етудегі мемлекеттік органдар функцияларының әлсірегенін» де атап өтті. Мысал ретінде сол жылдың наурызында Алматы облысындағы ЛА-155/8 мекемесінде сотталған адамның өлтірілуін келтірді.
«Бұл жағдай тиісті қадағалауды жүзеге асыруға міндетті органдарға азаматтарымыздың сенімін арттырмайды», — делінген хабарламада.
Омбудсмен Бас прокуратураны «азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету және қатыгездік көрсетудің кез келген көрінісіне төзбеушілік таныту үшін ұлттық құқық қорғау мекемесі мен прокуратура органдарының күш-жігерін біріктіруге» шақырды.

