Оралда полиция ұстаған белсенді Әлбек Ерғазиев полиция басқармасының үшінші қабатындағы терезеден секіріп, көптеген сүйек сынуымен ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер оның тоқпан жілігі мен қабырғалары сынғанын, кеудесі соғылып, басы жарақаттанғанын анықтады. Бұл туралы өзінің Facebook парақшасында журналист Лұқпан Ахмедьяров хабарлады.
Оның айтуынша, бір күн бұрын таңертең Орал полицейлері азаматтық белсенді Әлбек Ерғазиевті үйінен шығып, Батыс Қазақстан облысы әкімінің есеп беру кездесуіне бара жатқан кезде ұстаған.
«Жауапкершіліктен жалтару мақсатында ол терезені ашып, сыртқа секірген, соның салдарынан жарақат алған. Медициналық көмек көрсету үшін жедел жәрдем бригадасы оны қалалық көпсалалы ауруханаға жеткізді», — деп хабарлады БҚО полиция департаменті.
Бүгін белсендінің туыстары Орал прокуратурасына Әлбек Ерғазиевпен болған оқиғаға кінәлі адамдарды жазалауды сұрап арыз берді. Туыстарына әлі күнге дейін зардап шеккен белсендімен кездесуге рұқсат берілмеген.
Бұған дейін 13 ақпанда Әлбек Ерғазиев Орал әкімінің халықпен есеп беру кездесуі өтіп жатқан Мәдениет үйінің залында полицейлер тарапынан ұсталған. Ол кездесуге «Қазақстанда саяси реформалар жүргізуді талап етемін» және «Әділетсіз судьялар жауап берсін» деген жазуы бар плакатпен келген. Сол күні полицейлер белсендіні бөлімшеде шамамен үш сағат ұстаған.
ДЕРЕККӨЗ: https://rus.azattyq.org/a/29774667.html

