Зейнеткер әйелді ұрды деп айыпталған 38 жастағы Виталий Фёдоров сотта тергеу барысында азапталғанын айтты.
Орал қалалық сотында әдеттен тыс іс қаралып жатыр. Сотталушы отырыстарға журналистердің қатысуын талап еткен. Өйткені 72 жастағы зейнеткер Тамара Глобаны аяусыз ұрды деп айыпталған Виталий Фёдоров тергеу кезіндегі мойындау жауабын полицейлер күшпен алдырғанын мәлімдеді. Бұл туралы ол сот отырысында айтты.
— Мені ішкі істер басқармасына жеткізген соң бірнеше полицей тергеу кезінде ұрып-соқты. Барлық жарақат тіркелді, мен азаптау туралы қалалық және облыстық прокуратураларға шағым жаздым, — деді Виталий Фёдоров өзінің қоғамдық қорғаушысы арқылы «УН» басылымына жолдаған жазбаша өтінішінде.
Айта кетейік, Фёдоров сот отырысында прокуратурадан әлі күнге дейін жауап алмағанын мәлімдеді. Ал ресми шағымдар 2018 жылғы қазан-қараша айларында жазылған.
Бүгін, 8 желтоқсанда, Виталий Фёдоровтың ісі бойынша алтыншы отырыс өтті. Ол 2018 жылғы 15 қыркүйекте 72 жастағы Тамара Глобаны қатты соққыға жықты деп айыпталуда. Біраз уақыттан соң әйел алған жарақатынан есін жимастан ауруханада қайтыс болған. Қорытындыға сәйкес, өлімге бас сүйек-ми жарақаты және ми ісінуі себеп болған.
Іс материалдарына қарағанда, тергеу Фёдоровтың кінәсін растайтын заттай дәлел ретінде оның бас бармағының бір ғана ізін келтірген.
Бұған қоса, марқұм Тамара Глобаның көршісі Виталий Фёдоровты дауысынан танығанын айтып, куәлік берген.
— Көршісі сол күні таңертең Виталий Глобаның үйіне келіп, су сұрағанын, дауысын естігенін айтады. Бірақ сол күні біз Виталий екеуміз бірге болып, сауда жасадық, — деді сотталушының қоғамдық қорғаушысы болған тәтесі Альфия Хисамиева.
Тергеу салғырт жүргізілгенін сотталушының адвокаты Марат Надыршин де айтты.
— Барлық уәжімді сот жарыссөзі кезінде жеткіземін, — деді Марат Надыршин. — Әзірге айтарым, меніңше, тергеу барысында көптеген кемшілікке жол берілген.
ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы 3-бөлігі («Адам өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру») бойынша Виталий Фёдоровқа 8 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаупі төніп тұр. Сонымен қатар полиция қызметкерлері оны «Билік өкіліне күш қолдану» (380-бап, 2-бөлік) бойынша да айыптап отыр — бұл бап бойынша 5 жылдан 10 жылға дейін жаза қарастырылған. Полиция нұсқасына сәйкес, Фёдоров оны ұстауға келген полицейге пышақпен шабуыл жасаған. Виталий мұны толық жоққа шығарып, өзін арнайы жасақ қызметкерлері ұстағанын айтады.
Мария Мельникова

