26 жастағы тергеуші экономикалық құқық бұзушылық туралы қылмыстық істі өз өндірісіне алды. Іс бойынша жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің басшысы күдікті болған.
Тергеушінің әйелдің кінәсін дәлелдейтін айғақтары болмағандықтан, психологиялық қысым көрсетіп, оны кінәсін мойындауға мәжбүрлеуге тырысқан.
Қаржы полициясының қызметкері заңды негізі болмаса да, жалған ұстау хаттамасын жасаған. Ол екі баласы, оның ішінде 11 айлық сәбиі бар әйелді түрмеге отырғызамын деп қорқытқан.
Бір жолы жеке тінту жүргіземін деген сылтаумен әйелді өзінің көзінше ішкиіміне дейін шешінуге мәжбүрлеген. Осы әрекеттер салдарынан қала тұрғыны психологиялық жарақат алып, психиатрдың бақылауында болып, психологқа баруға мәжбүр болған.
Жәбірленуші прокуратураға арыз жазды. Тергеушіге қатысты «Азаптау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Өскемен қаласының №2 соты айыпталушыға екі жыл үш ай шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады (бастапқыда үш жыл болған, бірақ рақымшылыққа байланысты қысқартылған). Сондай-ақ ол үш жыл бойы мемлекеттік органдарда жұмыс істеу құқығынан айырылды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

