Жарияланымдар

Павлодар колонияларында әкімшіліктің тапсырмасымен тұтқындар бірін-бірі азаптаған — құқық қорғаушы

2 мин чтения

Халықаралық түрме реформасы ұйымының (PRI) директоры сотталған адамдардың өзге тұтқындарды ұруы Қазақстан түрмелеріне тән құбылыс екенін айтты.

Павлодар колонияларындағы сотталғандар құқық қорғаушыларға мекеме әкімшілігінің тапсырмасымен бір тұтқынның екіншісін ұру тәжірибесі барын мойындаған. Бұл туралы PRI ұйымының Орталық Азиядағы аймақтық директоры Азамат Шамбилов мәлімдеді, деп хабарлайды «Sputnik Қазақстан».

Азамат Шамбиловтың айтуынша, басқа өңірлермен салыстырғанда Павлодар облысының қылмыстық-атқару мекемелеріндегі ұстау жағдайы қанағаттанарлық.

Алайда құқық қорғаушыларды соңғы жылдары тұтқындарды азаптау, қатыгез қарым-қатынас және олардың өлімі фактілерінің көбеюі алаңдатады. Кейбір оқиғалар бойынша сот процестері жүріп жатыр.

«Біз сотталған адамдармен мекеме әкімшілігі мен қызметкерлерінің қатысуынсыз, сенімді жағдайда сөйлестік. Кездесулерде әкімшілікке түрлі іс-шараларда көмектесетін және тұтқындарды ұруға қатысатын ерікті көмекшілер жайын көтердім. Бір сотталған адам әкімшіліктің тапсырмасын орындау үшін екіншісін ұрған бірнеше жағдай болды», — деді Азамат Шамбилов.

Ол мұндай фактілердің ТМД-ның басқа елдерінде сирек кездесетінін, ал Қазақстанда кең тараған сипат алғанын атап өтті.

Азамат Шамбилов бұл мәселені Қазақстан есеп беретін БҰҰ Азаптауға қарсы комитеті деңгейінде көтеретінін, ал PRI өз балама деректерін ұсынатынын хабарлады.

Құқық қорғаушы тағы бір маңызды мәселе ретінде сотталған адамдардың жазасын тұрғылықты жерінен алыс өңірде өтеуін атады. Мониторинг бойынша Павлодар облысында жазасын өтеп жатқандардың 70 пайызы — өзге өңірлерден келген қазақстандықтар.

«Сондықтан әкімшілікпен жұмыс кездесулерінде жазаны туған өңірде өтеу мәселесі қозғалды. Бұл қаржылық жүктемені айтарлықтай азайтып, сотталған адамдарды тасымалдауға кететін қаражатты үнемдер еді. Сондай-ақ адам өз отбасымен және жақындарымен байланысын үзбейді», — деді PRI аймақтық директоры.

2017 жылғы наурызда Павлодар колониясының 26 тұтқыны азаптауға ұшырағаны хабарланған. Оларды азаптады деген күдік мекеменің жедел бөлім қызметкерлеріне және онда жазасын өтеп жатқандарға түскен.

ДЕРЕККӨЗ:https://informburo.kz/novosti/v-koloniyah-pavlodara-osuzhdyonnye-pytali-zaklyuchyonnyh-po-prikazu-administracii-pravozashchitnik.html

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы