Жарияланымдар

Павлодар колониясының 12 қызметкері тұтқынды өлтірді деген күдікке ілінді

2 мин чтения

Қаза тапқан тұтқын кәмелетке толмаған қызға қатысты азғындық әрекеттері үшін сотталған. Ол қайтыс болардан бірнеше күн бұрын Павлодар колониясына жеткізілген.

Павлодарда АП-162/3 түзеу мекемесінің 12 қызметкері сотталған Мұратбековті өлтірді деген күдікке ілінді. Ер адам 2016 жылғы маусымда Балқаштан 25 тұтқынмен бірге этаппен жеткізілген. 18 маусымда оның мәйіті табылды. Тергеу колония қызметкерлерін көрсеткен басқа сотталғандардың айғақтарына сүйенген. Алайда қызметкерлердің туыстары арнайы прокуратура істі біржақты тергеді деп санайды.

«2016 жылғы 18 маусымда күйеуімнің заңды демалыс күні болатын. Ол кезде мен жүкті едім. Біз бірге емханаға УДЗ-ға бардық. Бірақ сотталғандар беттестіру кезінде оны көрдік деп мәлімдейді, тергеу оларға сенеді. Бұл куәлар ұзақ уақыт бір камерада отырған, тек жақында ғана бөлек орналастырылды. Бәлкім, өзара келісіп алған шығар. 18 маусымда оларды ешкім медициналық тексеруден өткізбеген. Сол күні-ақ арыз жазып, прокурорларға жүгіне алар еді. Мекемеде жауапты қызметкерлер де бар, егер күш қолдану немесе психологиялық қысым болса, соларға шағымдануға болатын еді. Арнайы журналдарда мұндай шағым жоқ. Прокурорлар келесі күні келген. Сотталғандардың ешқайсысы оларға ештеңе айтпаған», – деді күдіктілердің бірінің жұбайы Гүлжан Әбдуғалиева.

Колония қызметкерлерінің туыстарының айтуынша, күдіктілердің бәрі жауап алуға және беттестіруге келіп, тергеуге кедергі келтірмейді. Соған қарамастан, он екінің үшеуі тергеу изоляторында отыр.

Облыстық прокуратура іс бойынша толық түсініктеме беруден тартынды. Бірақ тұтқынның колонияда қаза табуы өзіне қол жұмсау болмағанын атап өтті. Марқұм Мұратбеков жас балаға қатысты азғындық әрекеттері үшін жазасын өтеп жүрген.

«Облыстық прокуратура ҚАЖ қызметкерлеріне, әскери бөлімнің әскери қызметшілеріне және сотталғандар арасындағы ерікті көмекшілерге қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр. Тергеуді бір ай ішінде аяқтап, сотқа жолдауды жоспарлап отырмыз. Мұратбековтің сот-медициналық сараптама қорытындысында «жабық бас-ми жарақаты, дененің көптеген жарақаттары» деген диагноз көрсетілген. Тергеудің өзіне қатысты егжей-тегжей айта алмаймын», – деді Павлодар облысы прокуратурасының екінші басқармасының бастығы Бейсембек Әлиев.

18 қазанда Павлодар колониясының үш қызметкері облыстық дзюдо федерациясының вице-президенті Бақытжан Әбдікәрімовтің өліміне кінәлі деп танылғаны хабарланған. Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізгені үшін түзеу мекемесінің бұрынғы бастығы төрт жылға бас бостандығынан айырылған. Тағы екі қызметкер үш жарым жылға шартты түрде сотталған.

ДЕРЕККӨЗ:
https://informburo.kz/novosti/12-sotrudnikov-kolonii-v-pavlodare-podozrevayut-v-ubiystve-osuzhdyonnogo.html

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы