Жарияланымдар

Павлодар облысының тұрғыны полициядағы жауап алудан кейін өзіне қол жұмсады

Ер адамның денесі туысының үйінің кіреберісінен табылды. Павлодар облысы полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасы қызметтік тергеу бастады. Павлодар облысының ауыл тұ

2 мин чтения

Ер адамның денесі туысының үйінің кіреберісінен табылды. Павлодар облысы полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасы қызметтік тергеу бастады.

Павлодар облысының ауыл тұрғыны полицияда жауап алынғаннан кейін туысының үйінің кіреберісінде өзіне қол жұмсаған. Бұл туралы оның отбасы әлеуметтік желіде хабарлады.

Туыстарының мәліметінше, 21 қарашада Екібастұз қаласы әкімдігіне қарасты Ақкөл ауылындағы жылқышыны әріптесімен бірге учаскелік полицей жұмыс орнынан тікелей Екібастұзға алып кеткен.

Жолда ол жылқышыны киім ауыстыру үшін үйіне кіргізген. «Не үшін ұстадыңыз?» деген сұраққа полицей өзі де білмейтінін, бөлімшеге жеткізуге бұйрық алғанын айтқан.

Туыстарының айтуынша, жауап алу сағат 23:30-ға дейін созылған. Осыдан соң ер адам үйіне телефон соғып, келесі күні таңғы сағат 10-да жауап алу жалғасатынын айтқан. Үйіне қайтуға ақшасы болмағандықтан (Ақкөл ауылы Екібастұздан 68 шақырым жерде), туысының үйіне қонуға кеткен. Полицейлер оны сол жерге жеткізген.

Таңертең ер адам жауап алуға баруға дайындалып жүрген. Бірақ сағат 11-дің басында жұбайы телефон соққанда, тұтқаны полицей көтерген.

«Ол үйдің кіреберісінде өзіне қол жұмсады», — деп хабарлаған тәртіп сақшысы әйелге.

Жарияланған хабарламада марқұмның отбасы куәгерлерді іздеп жүргені, шындықты білгісі келетіні және кінәлілердің жазалануын қалайтыны айтылған.

Павлодар облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің басшысы Жанна Белялова Sputnik Қазақстан тілшісіне бұл деректің тіркелгенін растады. Марқұмның денесі туысының үйінің кіреберісінен табылған.

«Бұл дерек бойынша Қазақстан Қылмыстық кодексінің 105-бабы („Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу“) аясында сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Сараптама тағайындалды», — деп түсіндірді ол.

«Марқұмның туыстары әлеуметтік желіде жариялаған үндеуге байланысты полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасы қызметтік тергеу бастады. 1971 жылы туған марқұм шаруа қожалықтарының бірінде бақташы болып жұмыс істеген. Оның бұған дейін жылқыларды ұрлаған адам туралы жәбірленушіге хабарлағаны анықталды. Осыған байланысты 21 қарашада ол 48 бас жылқы ұрлығы жөніндегі қылмыстық іс бойынша куә ретінде жауап алуға шақырылған. 22 қарашада жәбірленушімен беттестіру белгіленген», — деп оқиғаның егжей-тегжейін хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Полиция мәліметіне сәйкес, 22 қарашада сағат 10 шамасында Екібастұздағы үйлердің бірінің екінші қабат алаңшасында өзіне қол жұмсаған ер адамның денесі табылған.

«Істің тергелуі Павлодар облысы полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Нұрлан Мәсімовтің бақылауында. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді», — делінген полиция ведомствосының баспасөз хабарламасында.

Аталған бап бойынша кінәлі деп танылған адам үш жылға дейін бас бостандығын шектеуге немесе дәл сондай мерзімге бас бостандығынан айыруға жазалануы мүмкін.

ДЕРЕККӨЗ: https://ru.sputniknews.kz/regions/20191125/12121251/pavlodarskaya-oblast-pokonchil-s-soboy-dopros-politsia.html

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы