Павлодардағы колония қызметкерлері дзюдодан Қазақстанның бұрынғы чемпионы Бақытжан Әбдікәрімовті азаптағаны үшін жазаланды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Павлодарда белгілі спортшының колониядағы өліміне байланысты қылмыстық іс бойынша қоғам назарын аударған сот процесі аяқталды. АП-162/3 арнайы мекемесінің екі қызметкеріне бірден үш бап бойынша айып тағылды: «Алдын ала сөз байласқан адамдар тобының бірнеше рет азаптау жасауы», «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» және «Лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану». Істегі тағы бір адам — колонияның бұрынғы бастығы — ауыр зардаптарға әкелген лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдаланды деп айыпталды.
«Сот айыпталушылар Ержан Қаңкин мен Қайырбай Мұқановты қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Саспанова мүлкі тәркіленіп, төрт жылға бас бостандығынан айырылды, ал Қаңкин мен Мұқанов үш жыл алты айға шартты жаза алды», — деп үкімді жариялады № 2 қылмыстық соттың судьясы Ануарбек Оспанов. Соңғы екеуі сот залында босатылды. Бұған қоса сотталғандардан төрт жәбірленушінің әрқайсысының пайдасына 750 мың теңгеден өндірілді.
Жәбірленушілер үкіммен келіспейді және шағым түсірмек. Сотталған Саспанованың туыстары да сот шешіміне наразы. Сотта белгілі болғандай, қайғылы оқиғаға дейін ол АП-162/3 колониясының бастығы болып небәрі үш күн жұмыс істеген.
Іс материалдарына сәйкес, павлодарлық спортшы қайтыс болардан үш күн бұрын режимді бұзды деген себеппен бірнеше рет ұрып-соғылған. Оны колония қызметкерлерінің жұмыс кабинеттерінде де, режимдік нысан аумағында басқа сотталғандардың көзінше де ұрған. Соққыдан кейін ер адамды медициналық бөлімге жеткізген, ал ауруханаға жатудан бас тартқан кезде қайта ұрған. Тергеу колония қызметкерлерінің әшкереленуден қорқып, куәларға қысым көрсеткенін де анықтаған. Сотталғандар арасындағы куәлардың бір бөлігі тек сотта шындықты айтқан.
Сот-медициналық сарапшылардың қорытындысы бойынша, сотталған адамның өлімі жүз тәрізді затпен мойнына салынған кесілген жарадан туындаған жедел қан жоғалтудан болған. Сонымен бірге сарапшылар марқұмның ішінің алдыңғы қабырғасынан 46, оң білегінен 14 және сол білегінен 76 үстірт кесілген жараны санаған.
Дзюдошының туыстары істі «Ұйымдасқан адамдар тобы жасаған кісі өлтіру» бабы бойынша қайта саралауды сұраған. Алайда тергеу кезеңінде олардың барлық өтінішхаты қабылданбады.
Еске салайық, Бақытжан Әбдікәрімов 2016 жылғы ақпанда Павлодардағы АП-162/3 колониясының аумағында тамағы кесілген күйде табылды. Ер адамның жазасын өтеу мерзіміне қатысты жеке шағымын қарайтын сот отырысына екі күн қалғанда қайтыс болғаны белгілі. Өлерінен бірнеше күн бұрын ол колония басшылығына өміріне қауіп төніп тұрғанын айтып, өзін ренжіткен адамдардың аты-жөнін көрсетіп шағым жазған. Бірақ басшылық оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын қабылдамаған. Әбдікәрімов ауыр дене жарақатын салғаны үшін жазасын өтеп жатқан.
ДЕРЕККӨЗ:
https://tengrinews.kz/crime/sotrudnikov-kolonii-nakazali-pyitki-izvestnogo-dzyudoista-328932/

