Павлодар қаласының №2 сотында АП-162/3 мекемесінің үш қызметкері мен үш сотталған адамға қатысты іс қаралып жатыр. Олар азаптау жасады деп айыпталуда, ал төртеуіне абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа ауыр зиян келтіру айыбы да тағылған, деп хабарлайды pavon.kz.
Өткен жылдың маусымында Балқаштан сотталған адамдар жоспарлы кезеңмен Павлодар колониясына жеткізілген. Мекеме офицерлері жаңадан келгендерге нұсқаулық өткізуге тиіс болған, алайда бұл жұмысты «өздеріне жақын» сотталғандарға тапсырған. Олар жаңадан келгендерді «тәрбиелеуді» қатыгез тәсілдермен бастаған: ұрып-соққан, су толтырылған бөшкеге батырған, тұншықтырған, қорлаған. Мұндай «тәрбие» жаңадан келгендердің бірі медициналық бөлімде қайтыс болғанға дейін жалғасқан.
Сот-медициналық сараптама көрсеткендей, ер адамның бас сүйек-ми жарақаты, миының соғылуы, сегіз қабырғасының сынуы және басқа да көптеген жарақаттары болған. Бұған қоса, жаңадан келген тағы жеті сотталған адамның денесінен жарақаттар табылған.
Егер тергеу нұсқасы сот талқылауында расталса, айыпталушыларға бір бап бойынша 3 жылдан 7 жылға дейін, екінші бап бойынша 5 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

