Жарияланымдар

Павлодарда колониядағы сотталған адамның бейнеүндеуін арнайы комиссия тексеріп жатыр

1 мин чтения

Павлодардағы Instagram парақшаларының бірінде 162/4 колониясындағы сотталған адамның бейнеүндеуі жарияланды. Онда ол өз өмірі мен денсаулығына алаңдайтынын, егер қаза тапса, колония бастығы мен әкімшіліктің басқа қызметкерлерін кінәлі санауды сұраған, деп хабарлайды «Павлодар-онлайн».

Бұған дейін сотталған адам киім-кешек пен азық-түлікке қатысты шағым түсірген. Ол колония қызметкерлерінің ҚР Қылмыстық кодексінің сегіз бабы бойынша, оның ішінде лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану, азаптау және қорлау секілді заңбұзушылықтарға жол беретінін айтқан. Шағымдар ҚР Бас прокуратурасына жолданған.

Павлодар облыстық қылмыстық-атқару жүйесі басқармасы бұл адамның шынында да аталған колонияда жазасын өтеп жатқанын растады. Ол ҚР Қылмыстық кодексінің екі бабы — тонау және қарақшылық бойынша он жылға бас бостандығынан айырылған.

Қазір бейнеүндеуге байланысты арнайы комиссия құрылды. Оның құрамына қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің, ведомствоның ішкі қауіпсіздік қызметінің және облыстық прокуратураның өкілдері кірді. Тексеру барысында жабық мекемеде тыйым салынған зат — ұялы телефонның пайдаланылуы да қаралады.

Облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмыс бөлімінің бастығы Мадина Нұркенованың айтуынша, сотталған адам шағымын әрқашан жазбаша түрде бере алады. Ол үшін түзеу мекемесінде арнайы есеп бөлімі бар. Жазбаша өтініштер цензурадан өтпей, адресатына жолданады.

ДЕРЕККӨЗ: https://pavon.kz/post/view/60443

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы