Жарияланымдар

Павлодарда ұсталған адамды өлтірген полиция қызметкері 17 жылға сотталды

2 мин чтения

Павлодар соты бұрынғы полиция қызметкері, 35 жастағы Асет Сарбасовқа үкім шығарды. Оған жергілікті тұрғынды ұрлап әкету, өлтіру, қылмысты жасыруға тырысу және заңсыз қару сақтау айыптары тағылған.

«Сот айыпталушыны кінәлі деп танып, жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеумен 17 жылға бас бостандығынан айыруға үкім етті», — деді Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Қабиболла Байғоншеков үкімді жариялап.

Бұрынғы полиция қызметкері марқұмның анасы мен жұбайына моральдық зиян үшін әрқайсына үш миллион теңгеден төлеуге де міндеттелді.

Ол кінәсін мойындамады. Марқұмның туыстарының айтуынша, тіпті үкімді тыңдап тұрып «менменси күлімсіреген». Екінші сотталушы Руслан Қасамбаев қылмысты жасырғаны үшін төрт жылға бас бостандығын шектеу жазасын алды. Оның сөзінше, кісі өлтіруге еріксіз куә болып, өлтірушіге мәйітті жасыруға көмектескен.

Марқұмның туыстары үкімге қанағаттанғанын мәлімдеді.

«Сот жеті айға созылды, осы уақытта жұбайымнан айырылдым. Жолдасымның жүрегі шыдамады. Сол кезеңнің бәрі мен үшін қорқынышты түс сияқты өтті. Бүгін үкім шықты, оны әділ деп санаймыз», — деді марқұм павлодарлықтың анасы Светлана Крутко.

Еске салайық, 32 жастағы Александр Крутконың бас сүйегі жарылған, күйген мәйіті Павлодар маңындағы ауылдардың бірінің жанынан табылған еді. Туыстары оны тек татуировкасы арқылы таныған. Ер адамды өлтірді деген күдікпен Павлодар қалалық ішкі істер басқармасының арнайы қабылдау орнының қызметкері ұсталды.

Анықталғандай, полиция қызметкері қолына кісен салынған адамды өз үйінің кіреберісінен алып шығып, Оңтүстік полиция бөліміне жеткізген. Бейнебақылау камералары оның ұсталған адамды полиция ғимаратына кіргізіп, 15 минуттан кейін алып шыққанын тіркеген. Кейін, болжам бойынша, оны гаражына апарып, өлімші етіп ұрған.

Қылмысты жасыру үшін полиция қызметкері мәйітті қала сыртына шығарып, бензин құйып өртеген, содан кейін көміп тастаған. Марқұмның бұрын ұрлық үшін сотталғаны белгілі. Оның артында жұбайы мен үш жасар ұлы қалды.

ДЕРЕККӨЗ:
http://kazinfo.today/2016/10/28/9107/

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы