Жарияланымдар

Полицейлер ауыл тұрғынына мотоцикл дулығасын кигізіп, таяқпен ұрған

2 мин чтения

Ақмола облысында адам шошырлық оқиға болды. Полицейлер жергілікті тұрғынды қатты азаптаған, алайда салыстырмалы түрде қысқа мерзімге сотталған.

Өткен жылғы 28 қыркүйекте Қорғалжын ауданының Сабынды ауылында полиция капитаны Арман Жұмағұлов пен аға лейтенант Бақтияр Құсайынов көлікті тексеру үшін тоқтатты. Жүксалғыштан бір қап бидай тапты. Кейін көлік иесінің үйінен астық салынған ыдыс пен құрылыс материалдарын көрді. Полицейлер бұл заттарды қандай да бір себеппен ұрланған мүлік деп санап, ер адамды қыстауға алып кеткен.

Қыстауда офицерлер ауыл тұрғынының басына мотоцикл дулығасын кигізіп, қолдарымен және таяқпен ұра бастаған. Мұнымен тоқтамай, оны мал қораны айнала жүгіруге және жерден қолын бүгіп-жазу жаттығуын жасауға мәжбүрлеген.

Ұрып-соғу мен қорлауға қарамастан, ауыл тұрғыны ұрлықты мойындамаған. Содан кейін полицейлер жігітті учаскелік пунктке алып келіп, әкесін шақырған. Олар ұлын ұрлық үшін қамауға алатындарын, бірақ 300 мың теңге мен құрылыс материалдары берілсе, мәселені шешуге болатынын айтқан. Қорыққан әкесі олардың шарттарына келіскен. Ақша берілгеннен кейін учаскелік инспектор Құсайыновты ІІМ-нің өзіндік қауіпсіздік қызметі қылмыс үстінде ұстаған.

Полицейлерге азаптау және билікті асыра пайдалану айыптары тағылған. Алайда сотта прокуратура айыптауды өзгертіп, билікті асыра пайдалануды алаяқтық деп қайта саралаған. Бұдан кейін қадағалау органы процестік келісімде істі екінші рет — аяқталмаған алаяқтыққа оқталу ретінде қайта саралаған.

Ақырында Қорғалжын аудандық соты учаскелік инспекторларды азаптау және алаяқтыққа оқталу бойынша кінәлі деп таныды. Бақтияр Құсайыновқа қоныс колониясында екі жыл, Арман Жұмағұловқа бір жарым жыл бас бостандығынан айыру жазасы берілді. Сотталғандар атақтарынан айырылып, мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды.

ДЕРЕККӨЗ: https://express-k.kz/news/femida/politseyskie_nadeli_na_selchanina_mototsikletnyy_shlem_i_izbili_palkoy-141586

 

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы