Жарияланымдар

Полицияны азаптады деп айыптау: полиция департаменті мұғалімнің бұрынғы сотталғанын еске салды

2 мин чтения

Түркістан облысының полиция департаменті Отырар аудандық полиция қызметкерлерімен «әңгімелескеннен» кейін асылып өлмек болған дене шынықтыру мұғаліміне қатысты ерекше түсініктеме берді.

Облыстық департаменттің мәліметінше, «Отырар аудандық полиция бөліміне мал ұрлығы туралы арызбен келген жергілікті тұрғындар бұл қылмыстарға дене шынықтыру мұғалімінің қатысы болуы мүмкін екенін айтқан. Ер адам күдікті ретінде аудандық полиция бөліміне шақырылған», деп хабарлайды Caravan.kz.

Сондай-ақ полиция мәлімдемесінде «ер адамды мал ұрлығына күдіктенуге негіз болғаны. 2010 жылы оның Алматыда қарақшылық үшін сотталғаны, ал 2020 жылғы сәуірде ауыл тұрғындарының төрт сиырын ұрлау ісі бойынша күдікті болғаны айтылған. Сол жолғы сотқа дейінгі тергеу залал өтелгеннен кейін тараптардың татуласуымен аяқталған».

Полиция таратқан бұл ақпарат Түркістан облысы мен Шымкенттегі құқық қорғаушылар және заңгерлер арасында қызу пікірталас туғызды.

— Күдік те, басқа ештеңе де заңсыз тергеу немесе жауап алу әдістерін қолдануға негіз бола алмайды. Ал азаптауды мүлде ақтауға болмайды, — дейді Қазақстанның халықаралық адам құқықтары және заңдылықты сақтау бюросы филиалының директоры Әділ Сейтқазиев. — Қазақстан мемлекеттік саясаттың азаптау мен ар-намысты қорлайтын қарым-қатынастың кез келген түріне мүлде төзбеуді талап ететінін талай рет мәлімдеген. Сондықтан бұл жерде мәселе дене шынықтыру мұғалімінде емес, полицияның әрекетінде. Бұл мәселе принципті түрде қаралуы керек.

Заңгерлер бұған дейінгі соттылыққа, әсіресе сотқа дейінгі тергеу сатысында тоқтатылған іс бойынша күдікті болғанына сілтеме жасаудың орынсыз екенін атап өтті.

— Егер соттылық толық өтелсе, еліміздің қолданыстағы заңнамасына сәйкес азамат сотталмаған деп есептеледі, — деп түсіндірді адвокат Қайрат Балиев.

— Бұрынғы соттылығы толық өтелген адамға таңба тағуға, оны қоғам алдында қаралауға болмайды. Оның мектепте мұғалім болып жұмыс істеуіне толық құқығы бар, мұнда заңға қайшы ештеңе жоқ. Оның бұрын сотталғанын еске салу — жеке өмір құпиясына қол сұғу. Ал тіпті сотқа жетпеген іс бойынша адамның «күдікті болғанын» алға тарту — мүлде қисынсыз,— деп атап өтті адвокат.

Еске салсақ, мамыр айының басында Отырар аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері 30 жастағы дене шынықтыру мұғалімін ұстаған. Полициядағы «әңгімеден» кейін ол асылып өлмек болған, бірақ туыстары құтқарып қалған. Арнайы прокуратура «азаптау» фактісі бойынша қылмыстық іс қозғаған.

ДЕРЕККӨЗ: https://www.caravan.kz/news/obvinenie-policii-v-pytkakh-v-dp-vspomnili-kriminalnoe-proshloe-uchitelya-645533/

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы