Павлодарда күдіктіден кінәсін мойындату үшін азаптағаны жөнінде айыпталған үш полицейге үкім шығарылды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Сотталушылардың барлығы кінәсін жоққа шығармай, оны мойындау туралы келісім жасасқан.
Сот үкімімен құқық қорғау органдарының бұрынғы екі қызметкеріне шартты түрде үш жылдан бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Осы мерзім ішінде оларға мемлекеттік қызметте лауазым атқаруға тыйым салынды.
Азаптауға қатысқан үшінші адам үш жыл алты айға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Бұған дейін ол бұзақылық үшін сотталған.
Қала тұрғынының iPhone телефонын ұрлады деген күдікке ілінген 40 жастағы павлодарлықтан бірнеше сағат бойы мойындау жауабын күштеп алғаны айтылды.
Барлық әрекет қызметтік кабинетте болған.
Прокурордың айтуынша, ер адамның кеудесіне, ішіне, арқасына, басына және денесінің басқа жерлеріне соққы жасалған. Оны қабырғаға соғып, басына пакет кигізіп, ауа жібермей тұншықтырған.
Кейін полиция қызметкерлері ұсталып, теріс себептермен жұмыстан шығарылды, ал іс материалдары сотқа жіберілді.

