Тәртіпке бағынбаған сотталған адамды азаптауға «тапсырыс берді» делінген колония басшылары мен сол «тапсырысты» орындап, тұтқынды өлтірген алты сотталушыны ақтаудан бас тартылды, деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.
Қарағанды облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасы азаптаудан кейін бір апта бойы камерада азап шегіп қайтыс болған сотталған Валерий Чупиннің ісі бойынша шешімін жариялады.
— Барлық дәлелдемелер толық әрі жан-жақты талданды. Олардың негізділігі мен жеткіліктілігі күмән туғызбайды. Сотталғандардың басқа адамдарға тәуелді жағдайда болғаны туралы уәждері негізсіз, — деп қаулыны оқыды Қарағанды облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық алқасының судьясы Рашид Нұрмағамбетов.
Қылмысқа қатысы барын барлығы — колония басшылығы да, орындаушылар да — жоққа шығарды. АК 159/7 колониясы бастығының міндетін атқарушы Бауырбек Шотаев қоластындағы Виталий Зарецкийге марқұм Чупинді жазалауды ешқашан бұйырмағанын мәлімдеді.
Зарецкийдің өзі де басшысынан Чупинді ұруға немесе азаптауға нұсқау алмағанын айтады. Оның адвокаттары Зарецкий азаптау мен кісі өлтіру болған № 2 жасаққа жауапты болмағанын алқаға мәлімдеді.
Камераласын азаптау туралы бұйрықты орындаған алты сотталушы да кінәсіз екенін айтқан. Атап айтқанда, сотталған Евгений Флотскийдің адвокаты оның бұйрыққа бағынбай, азаптауға қатыспай қалуға мүмкіндігі болмағанын жеткізді. Әйтпесе Чупинді азаптауға көмектеспегені үшін өзін де ұрып-соғар еді-мыс.
Флотский сотталған белсенді Тимур Кирбаевтың осындай аса қатыгез азаптау тәсілдерін қолданатынын білмегенін алға тартты. Бұл белсенді колония әкімшілігіне жақын болып, «осы жасақтағы әкімшіліктің көзі мен құлағы» саналған.
Алайда алқа барлық осы уәжді ойдан шығарылған әрі негізсіз деп бағалады.
Сот сондай-ақ Қарағанды облыстық ішкі істер департаментінің басшысы Мергенбай Жаппаров пен облыс прокуратурасының басшысына өлім аузындағы Чупиннің шағымдарына мән бермеген дәрігерлердің әрекетсіздігін бағалауды тапсырды. Дәрігерлер мерекелік корпоративке кеткен. Сол кезде тік ішектің жыртылуынан нәжіс ағзаға түсіп, Чупиннің денесі уланып, ол қайтыс болған.
Бұдан бөлек, сот тергеу кезінде колонияда асығыс жөндеу жүргізіп, есіктердегі жазуларды өзгертіп, есіктерді қайта бояған басқа да лауазымды адамдарға шара қолдануды сұрады. Соның салдарынан тергеумен ынтымақтасып, кінәсін мойындаған сотталғандар тергеу эксперименті мен оқиға орнында жауаптарды тексеру кезінде жағдайды шатастырып, бағдар таба алмаған. Бұл сот алдында жауап берген колония басшыларына тиімді болған.
Еске салайық, Валерий Чупин бостандыққа шыққаннан кейін қоғамға бейімделуі үшін сотталғандарға білім беретін колония мектебіндегі сабақта өзін дұрыс ұстамаған. Мұғалім мектеп директорына шағымданған, ал директор бұл туралы колония бастығының міндетін атқарушы Бауырбек Шотаевқа хабарлаған. Содан кейін сотталған адам азапталып, ақыры қайтыс болған.
Мекеме бастығының міндетін атқарушы Бауырбек Шотаев, колония қызметкері Виталий Зарецкий және алты сотталушы 7 жылдан 17 жылға дейін бас бостандығынан айырылған.

