Қарағандыдағы АК-159/7 түзеу колониясының медициналық бөлімінің дәрігерлері Гиппократ антын ұмытып, корпоративтік шараға кеткен. Ал сол кезде палатада тұтқын Валерий Чупин өлім аузында жатқан, деп хабарлады NUR.KZ тілшісі.
Шахтинск қалалық сотының судьясы Әлия Садықова медициналық бөлімнің кіші және орта қызметкерлерінің міндеттеріне салғырт қарағанын атап өтті.
Ол сотталған адамды азаптағаны үшін колония басшылығына үкім шығарған соң Қарағанды облысының прокуратурасына жеке қаулы да жолдады.
«Жәбірленуші Валерий Чупинге дер кезінде медициналық көмек көрсетілмеген. Сот мекеме медицина қызметкерлері медициналық көмекті тиісті деңгейде көрсетпегенін даусыз анықтады. Ал Чупинді дереу Шахтинск қаласының орталық ауруханасына жатқызу қажет болған.
Дегенмен жәбірленушінің ауыр жағдайына қарамастан, медициналық бөлім қызметкерлері мерекелік концертке кеткен», — деді судья.
Яғни колония басшылығы әуелі жеті күн бойы өлім аузында жатқан Чупиннің жағдайына мән бермеген.
Ал мекеме бастығының міндетін атқарушы Баурбек Шотаев оған медициналық бөлімге баруға рұқсат бергенде, дәрігерлер де тиісті көмек көрсетпеген.
Бұдан бөлек, судья жеке қаулыда басшылық тергеуді шатастыру үшін колонияның бір бөлімінде күрделі жөндеу жүргізгенін көрсеткен.
Мекеме басшылығының бұйрығымен сотталғандар есіктерді қайта бояп, тақтайшаларды ауыстырған. Сондықтан колонияда тергеу эксперименті жүргізілгенде куәгерлер бұрынғы жағдайды тани алмай, шатасқан.
Судья Қарағанды облыстық ІІД бастығы мен прокуратура басшылығына дәрігерлердің медициналық көмек көрсетпеуі және колониядағы жөндеу жұмыстары бойынша жауапты адамдарға шара қолдануды тапсырды.
Еске салайық, колония аумағындағы мектепте мұғалімге айтылған әзіл тұтқын Чупиннің өміріне себепсіз шығын келтірген. Тәртібі нашар деген себеппен оны басқа сотталған белсенділер азаптаған. Соққыдан кейін сегізінші күні көз жұмған.
Колония басшысының міндетін атқарушы Баурбек Шотаев, мекеме қызметкері Виталий Зарецкий және алты сотталған адам 7 жылдан 17 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

