Қарағанды облысында сотталушының азапталуы мен өлімі туралы іс бойынша куәлар өздерін қорғауды сұрады, деп хабарлайды
ҚазТАГ.
Сотқа Р. Селимов, Т. Савчук, М. Омаров, Ю. Кузнецов, С. Абишкуинова, Д. Манатұлы, В. Подколзин есімді куәлар өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрғанын айтып, қауіпсіздік шараларын қолдану туралы өтініш түсірген. Олардың мәліметінше, іс қаралып жатқандықтан, Қарағанды облысы ҚАЖД-ның «АК-159/1 мекемесі» РММ қызметкерлері тарапынан моральдық және басқа да қысым көрсетілуде.
Нәтижесінде аталған куәларға жеке қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсыру түріндегі қорғану шаралары қолданылды. Қылмыстық іс бойынша Бауырбек Шотаев пен Виталий Зарецкийге ҚР ҚК 28-бабының 3-бөлігі және 146-бабының 3-бөлігі бойынша айып тағылған. Ал Тимур Кирбаев, Николай Тюков, Максим Коваль, Евгений Флотский, Дмитрий Крушинский және Қуанышбек Жарасбаев ҚР ҚК 146-бабының 3-бөлігі бойынша айыпталған.
Хабарламаға сәйкес, куәлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету облыстық қадағалау органының арнайы прокурорлар басқармасына тапсырылған.
Еске салайық, оқиға 2017 жылғы 10 наурызда АК-159/6 аумағында болған. Іс материалдары бойынша сотталушы Валерий Чупин ағылшын тілі мұғалімін қорлаған. Келесі күні, тергеу нұсқасына сәйкес, колония қызметкері Зарецкий оны жағдайды анықтау үшін қызметтік кабинетіне шақырып, артынан екінші жасақтың шаруашылық меңгерушісі — сотталушы Кирбаевты шақырған. Зарецкий Кирбаевқа Чупинді сабақтағы тәртібі үшін жазалауды тапсырған. Іс материалдарында алты сотталушы Чупинді тұншықтырып, электр тогын қолданып, таяқпен ұрып, ішкі ағзаларын механикалық зақымдау арқылы азаптағаны көрсетілген.
Ер адам шұғыл түрде Шахтинск қаласының орталық ауруханасына жеткізіліп, оған операция жасалған, бірақ келесі күні дәрігерлер Чупиннің қайтыс болғанын тіркеген.
Сот мәліметіне қарағанда, айыпталушылар қатарында колония бастығының бұрынғы көмекшісі Шотаев, АК-159/7 жедел бөлімінің жедел уәкілі Зарецкий және колонияның алты сотталушысы болған.