Қарағандыда Балқаш қаласынан шыққан 58 жастағы заңгер әрі құқық қорғаушы Санат Бүкеновтің ісі бойынша сот жүріп жатыр. Ол жарты жылға жуық уақыттан бері қамауда отыр. Оған бір адамды сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деп айыптаумен ұштасқан көрінеу жалған хабарлама берді деген айып тағылған.
Бүгінгі сот отырысында Бүкенов прокурор Искероваға сенім білдірмейтінін айтып, оны істен шеттетуді талап етті. Оның айтуынша, прокурор қамауда ұстау мерзімін ұзарту жөніндегі сотта өзінің іс жүргізу және конституциялық міндеттерін елемеген. Айыптау тарапы мұндай өтінішті қанағаттандыруға негіз жоқ деп мәлімдеді. Судья Жанат Егембердиева айыпталушының дәлелдерін негізсіз деп санап, прокурорды шеттету туралы өтінішті қабылдамады.
Бүкенов сот залына кісендеулі күйде, күзетпен жеткізіледі. Айыпталушының айтуынша, ол заңсыз қамауда отыр және туыстарымен кездесуге мүмкіндік берілмейді. Заңгер Азаттық тілшісіне 13 келі салмақ тастағанын, жүрегі мен бүйрегі ауыратынын айтты. Өзі отырған камерадағы жағдайды төзгісіз деп сипаттады. Ол денсаулығына нұқсан келтіріп, моральдық азапқа салған жағдайды азаптау деп бағалайды.
Жәбірленуші тарап пен іс бойынша шақырылған куә сотқа келмеді. Процесс олардың қатысуынсыз өтті. Қазір Бүкеновті адвокат Баграмова қорғайды.
2014 жылы Бүкенов Балқашта қала билігі прокуратураның үнсіз келісімімен балалар үйінің тәрбиеленушілерінің баспанасын тартып алып жатыр деген мәліметті жариялаған. Бүкеновтің сөзінше, әділеттілікке жету әрекеттері өзіне қарсы қудалауға айналған, ал қудалауда басты рөлді прокуратура атқарған. Ол істі арнайы прокуратура органдары жүргізуі тиіс деп санайды.
Келесі сот отырысы 23 қаңтарға белгіленді.
ДЕРЕККӨЗ:
http://rus.azattyq.org/a/28243076.html

