Қарағандыда АК-159/6 мекемесі бастығының көмекшісі Бауырбек Шотаев сотталған адамды азаптауды ұйымдастырды деген күдікпен қамауға алынды.
«Қарағанды облысындағы АК-159/6 мекемесі бастығының көмекшісі болып жұмыс істеген, Павлодар облысында туған 30 жастағы Б. Шотаев ҚР Қылмыстық кодексінің 146-бабы 3-бөлігі (денсаулыққа ауыр зиян келтіруге немесе абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан азаптау) бойынша сотқа берілді. Сотталушы Б. Шотаевтың адвокаттары қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын кепілге ауыстыруды сұрады, бірақ сот бұл өтінішті қанағаттандырмады», — деп хабарлады дүйсенбіде Шахтинск қалалық соты.
Сот мәліметінше, колония бастығының көмекшісі Б. Шотаевтан бөлек, айыпталушылар қатарында АК-159/7 жедел бөлімінің жедел уәкілі Виталий Зарецкий және колонияда жазасын өтеп жатқан алты адам бар: Тимур Кирбаев, Николай Тюков, Максим Коваль, Евгений Флотский, Дмитрий Крушинский және Қуанышбек Жарасбаев.
Еске салайық, 2017 жылғы 10 наурызда АК-159/6 аумағында сотталған Валерий Чупин ағылшын тілі мұғалімін қорлаған. Келесі күні тергеу нұсқасы бойынша колония қызметкері В. Зарецкий В. Чупинді мән-жайды анықтау үшін кабинетіне шақырған, ал артынан екінші жасақтың шаруашылық меңгерушісі, сотталған Т. Кирбаевты шақырып, сабақтағы орынсыз әрекеті үшін Чупинді жазалауды тапсырған.
Осыдан кейін алты сотталған адамнан тұратын топ В. Чупинге азаптау қолданған: оны тұншықтырған, электр тогын пайдаланған, таяқпен ұрған және ішкі ағзаларына механикалық зақым келтірген.
Оқиғадан кейін ер адам шұғыл түрде Шахтинск қаласының орталық ауруханасына жеткізіліп, оған операция жасалған.
Алайда келесі күні дәрігерлер В. Чупиннің қайтыс болғанын тіркеді. Оның өлімі тік ішектің жарақаттануы мен ағзаның улануынан болған.
ҚазТАГ агенттігінің хабарлауынша

