Қазақстанда азаптау мен адамгершілікке жатпайтын қарым-қатынасқа байланысты заңнамаға өзгерістер енгізу жоспарланып отыр, деп хабарлады агенттік тілшісі.
«Проблемалық мәселенің бірі — «азаптау» ұғымының анықтамасын нақтылау және «қатыгез қарым-қатынас» ұғымын енгізу (балалар мен мүгедектігі бар адамдар орналасқан әлеуметтік мекемелерде). ҚК-нің 146-бабы («Азаптау») бойынша қылмыс субъектілерінің аясын кеңейтіп, «ресми өкілеттікпен әрекет ететін адам» терминін заңда бекіту, сондай-ақ «қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынас» деген жаңа құқық бұзушылық құрамын енгізу жоспарланып отыр», — делінген қылмыстық сот төрелігі, жазаларды орындау және азаптау мен қатыгез қарым-қатынастың алдын алу саласындағы адам құқықтары мәселелері бойынша Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстеріне өзгерістер енгізу жөніндегі реттеушілік саясаттың консультативтік құжатында.
Әзірлеушілердің түсіндіруінше, азаптау үшін қылмыстық жауапкершілік тергеушіге, анықтаушыға, өзге лауазымды тұлғаға немесе олардың айдап салуымен, білуімен не үнсіз келісімімен әрекет еткен адамға ғана емес, өзіне тәуелді адамдарды азаптауы мүмкін қызметкерлерге де таралмақ. Олардың қатарында білім беру мекемелерінің (мектеп, лицей, колледж, жоғары оқу орны), тәрбие ұйымдарының (балабақша, бөбектер үйі, интернат), емдеу мекемелерінің (емхана, психиатриялық, наркологиялық, туберкулез диспансері) және медициналық-әлеуметтік ұйымдардың (қарттар мен мүгедектігі бар адамдар үйлері, шипажайлар) педагогтері, нұсқаушылары, медбикелері, санитарлары, тәрбиешілері, техникалық және күзет қызметкерлері бар.
«Конституцияның 17-бабына сәйкес ешкімді қатыгездікпен немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбірлеуге не жазалауға болмайды. Алайда қазіргі заңнамада осы ұғымның анықтамасы бекітілмеген. Мұндай қарым-қатынасты азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылуы деп бағалау керек. Бұл, соның ішінде сот әрекетке қабілетсіз деп таныған, қорғансыз жағдайдағы адамдарға (психологиялық аурулары, психикалық бұзылыстары, ақыл-ой кемістігі немесе өзге ауру жағдайлары бар) қатысты әрекеттерге де қолданылады және ол үшін тиісті қылмыстық жауапкершілік көзделуге тиіс», — делінген құжатта.
Осыған байланысты «қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынас» деген жаңа құқық бұзушылық құрамы енгізілмек.
«Жалпы алғанда, ұсынылып отырған бастамалар БҰҰ-ның бейінді комитеті Қазақстан 2014 жылы Женевада Азаптауға қарсы үшінші мерзімдік баяндамасын қорғағаннан кейін берген ұсынымдарынан туындаған және азаматтық сектордың ұсыныстарымен үндес», — деп атап өтті әзірлеушілер.
ДЕРЕККӨЗ:
КазТАГ: https://kaztag.kz/ru/news/vnesti-popravki-kasatelno-pytok-i-beschelovechnogo-obrashcheniya-khotyat-v-kazakhstane

