21 маусымда Сенат Қазақстандағы қылмыстық құқық бұзушылықтарға қатысты ауқымды ізгілендіруге бағытталған заңды қабылдады. Алайда бұл жеңілдік азаптауға қатысты емес: ол үшін ең жоғары жаза 12 жылға дейін ұлғайтылды, деп жазады NUR.KZ.
«Біз азаптау үшін жауапкершілікті күшейтіп, жәбірленушілерді қорғау кепілдіктерін арттырамыз. 2015 жылдан бері азаптау үшін сотталғандарға рақымшылық қолдануға немесе ескіру мерзімінің өтуіне байланысты жауапкершіліктен босатуға болмайды. Бұрын мұндай тыйым болмаған.
Азаптау үшін ең ұзақ бас бостандығынан айыру мерзімі 10 жылдан 12 жылға ұзартылды. Сонымен қатар енді тергеу арыз түскен бойда басталады. Бұрын сотқа дейінгі алдын ала тексеру жүргізіліп, жәбірленушілер қылмыстық іс қозғалғанша айлап күтетін», — деді Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов.
Енді жәбірленушімен татуласу немесе шын жүректен өкіну арқылы жазадан құтылу мүмкін емес: азаптау жасағандарға мұндай жеңілдік қолданылмайды және жазаны жеңілдетпейді.
Сонымен бірге 2018 жылдан бастап мемлекет «Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы» заңға сәйкес азаптау құрбандарына ақшалай өтемақы төлейді.
2015 жылдан бері азаптау үшін 16 лауазымды тұлға жауапқа тартылғаны атап өтілді.

