Қазақстанның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті мен Бас прокуратурасының мәліметі бойынша, өткен жылы елде қылмыстық іс жүргізу кезінде азаптауға байланысты 1460 құқық бұзушылық тіркелді. Әйелдерге қатысты 52, кәмелетке толмағандарға қатысты 3 құқық бұзушылық жасалған. Қылмыстық құқық бұзушылық саны 63 болды.
Бұл деректерді Астанада өтіп жатқан баспасөз мәслихатында Халықаралық түрме реформасы (PRI) ұйымының Орталық Азиядағы өңірлік директоры Азамат Шамбилов жариялады.
Баспасөз мәслихатын ұйымдастырушылар жабық мекемелерде азаптау мен қатыгез қарым-қатынас фактілерін анықтау және тергеу мәселелеріне қатты алаңдайтынын білдірді. ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің мәліметінше, 2015 жылы бір ғана факт бойынша бір қызметкер қылмыстық жауапқа тартылса, 2016 жылы төрт факт бойынша 12 қызметкер жауапқа тартылған.
Еске салайық, ҚР Қылмыстық кодексінің 146-бабында азаптау тергеушінің, анықтаушының немесе өзге лауазымды адамның мәлімет не мойындау алу, жазалау, қорқыту және басқа да мақсатпен қасақана дене немесе психикалық азап шектіруі ретінде айқындалады. «Азаптау» ұғымы қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынасты да қамтиды.
— Қазақстанда азаптау көбіне лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдаланумен қатар жүреді, — дейді Азамат Шамбилов. — Мұндай қылмыстар үшін бес мың АЕК айыппұлдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Қазақстанда азаптаудың алдын алуға бағытталған екі институт жұмыс істейді: қоғамдық бақылау комиссиялары (ҚБК) және ұлттық алдын алу тетігі (ҰАТ). ҚБК мүшелері түрмелерге барып, сауалнама жүргізеді, сотталғандармен кездеседі және мемлекеттік органдарға өтініш жолдайды. Сондай-ақ сотталғандардың құқықтары, бостандықтары және заңды мүдделеріне қатысты мекеме әкімшілігіне, жоғары тұрған органдарға және прокуратураға жүгіне алады.
Шамбилов полиция қызметкерлері тарапынан азаптау фактілері орын алса, бүкіл елге ортақ 1402 сенім телефонына хабарласуға шақырды.
Қазіргі уақытта ҚАЖК құрамында 18 тергеу изоляторы және 74 түзеу мекемесі бар. Халықаралық түрме реформасы ұйымының Орталық Азиядағы соңғы зерттеулеріне сәйкес, Қазақстан әлемдегі 200 ел арасында түрмедегі адамдардың жалпы саны бойынша 48-орында, Австралия және Канадамен бір топта орналасқан.
ДЕРЕККӨЗ:
https://www.zakon.kz/4845501-pytki-chashhe-vsego-soputstvujut-s.html

