Жарияланымдар

Қазақстанда ЕҚЫҰ азаптауды медициналық құжаттау бойынша курс өткізіп жатыр

2 мин чтения

Астанада «Ыстанбұл хаттамасына сәйкес азаптау мен қатыгез қарым-қатынасты медициналық тұрғыдан тиімді құжаттау» тақырыбындағы төрт күндік курс басталды.

Семинарды Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астанадағы бағдарламалар офисімен бірлесіп ұйымдастырды.

Іс-шара азаптау фактілерін сапалы тергеу және медициналық құжаттау дағдылары мен жекелеген әдістемелерін үйретуге бағытталған. Оқытуға тәжірибелі қазақстандық және халықаралық сарапшылар тартылды. Тыңдаушылар ретінде прокуратураның аумақтық органдарының қызметкерлері, адвокатура өкілдері және сот-медициналық сарапшылар шақырылды.

ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар офисінің адам құқықтары жөніндегі кеңесшісі Сара Бонотти азаптаудың алдын алу және оны тиімді тергеу жөніндегі заманауи стандарттарды қамтитын семинардың маңызын атап өтті.

«Мұндай оқыту семинарлары тергеу мен қылмыстық қудалаудың техникалық стандарттарын ілгерілету үшін ғана маңызды емес, олар елдің азаптаудың алдын алу және зардап шеккендерді қорғау саласындағы ілгерілеуін де нақты көрсетеді. ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар офисі осындай бастамаларға қолдау көрсетуді жалғастырады», — деді Сара Бонотти.

Тренинг барысында қатысушылар тергеудің халықаралық стандарттарын, қылмыстық процестегі мамандардың өзара іс-қимыл қағидаттарын меңгеріп, тәжірибелік сабақтарда білімдерін жетілдіре алады.

Іс-шараны ашқан Құқық қорғау органдары академиясы бірінші проректорының міндетін атқарушы Наиль Ахметзакиров ЕҚЫҰ бағдарламалар офисінің өкілдері мен сарапшыларына қатысқандары үшін алғыс білдірді. Ол жиналғандарды курстың ерекшеліктерімен таныстырып, тыңдаушыларды белсенді әрі нәтижелі жұмыс істеуге шақырды.

ДЕРЕККӨЗ:
газета “Казахстанская правда”

http://www.kazpravda.kz/news/obshchestvo/kurs-o-meditsinskom-dokumentirovanii-pitok-provodit-obse-v-kazahstane/

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы