Жарияланымдар

Қазақстандағы сотталғандар ұстау жағдайлары мен қатыгез қарым-қатынасқа шағымданады

Қазір Қазақстанда шамамен 32 мың сотталған адам бар. 20 жыл ішінде олардың саны 65 пайызға азайды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі. Алайда түзеу мекемелерінде сотталғандардың құқ

2 мин чтения

Қазір Қазақстанда шамамен 32 мың сотталған адам бар. 20 жыл ішінде олардың саны 65 пайызға азайды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Алайда түзеу мекемелерінде сотталғандардың құқықтары жақсырақ сақтала бастады ма? Юлия Онуфриецтің басынан өткергенін бір материалда айтып жеткізу қиын. Есірткі пайдаланғаны үшін түрмеге түскен ол өмірінің 10 жылға жуық уақытын темір тордың ар жағында өткізді. Азаптау, ұрып-соғу, қорлау түрме тіршілігінің бір бөлігіне айналғандай еді. Қазір тиісті жазасын өтеп шыққан әйел сол күндерді қорқынышты түс сияқты еске алады. Алайда бостандыққа шыққаннан кейін де өз шындығын жеткізе алмаған.

Юлия Онуфриец, бұрынғы сотталған адам:

— Солтүстік Қазақстан облысындағы колония әкімшілігі маған күш қолданғаны туралы Бас прокуратураға шағым түсірдім. Шақырумен осында, Бас прокуратураға келдім. Бас прокуратура арызымның СҚО прокуратурасына жолданғаны туралы жауаппен ғана шектелді. Маған қызметкерлер заң шеңберінде әрекет еткені туралы жауап келді. Сонда әйел болғаныңа қарамай ұрып-соғып, тістеріңді қағу заңға сай, қалыпты жағдай болғаны ғой.

Соңғы екі жылда Қазақстандағы сотталғандар саны 7,5 мың адамға қысқарды. 2002 жылы еліміз қамауда отырған ерлер мен әйелдердің саны бойынша әлемдік тізімде үшінші орында болса, қазір 67-орында тұр.

Азамат Шамбилов, Халықаралық түрме реформасы ұйымының Орталық Азиядағы өкілдігінің өңірлік директоры:

— Қылмыстық-атқару жүйесінде қызметкерлердің сотталғандарға күш қолдану фактілері көбейді. Колония адамдарды қорлайтын орын емес. Бұл мекеме адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін таптау үшін емес, оны түзеу үшін арналған. Біз сотталғандардың құқықтарын қорғау жөніндегі ұсыныстарды Президент әкімшілігі мен Парламентке жіберуді жоспарлап отырмыз.

Әділдік іздеген сотталғандар Адам құқықтары жөніндегі уәкілге жүгінеді. 2017 жылы Қазақстан омбудсмені екі мыңнан астам шағым қараған. Олардың 13 пайызы қылмыстық-атқару жүйесі органдары тарапынан құқық бұзылғанын көрсетеді.

Динара Оспанова, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың сараптамалық жұмыс басқармасының басшысы:

— Адам құқықтары жөніндегі уәкіл өз мандаты шеңберінде тиісті құқық қорғау органдарына сұрау жолдайды. Бас прокуратураға, Ішкі істер министрлігіне, ал медициналық көмек мәселесі болса, Денсаулық сақтау министрлігіне жүгінеді. Кейде Үкіметке ашық хаттар жіберіледі. Сондай-ақ уәкілдің есебі немесе ұлттық превентивтік механизмнің шоғырландырылған баяндамасы аясында осы мәселелер жұртшылық пен мемлекеттік органдар алдында жария айтылады.

Түскен шағым саны бойынша Астана мен Алматы қалалары алда, одан кейін Қарағанды, Ақмола және Жамбыл облыстары тұр. Сотталғандар негізінен медициналық көмектің жеткіліксіздігіне, ұстау жағдайларына және қатыгез қарым-қатынасқа шағымданады.

ДЕРЕККӨЗ: https://24.kz/ru/news/social/item/282486-kazakhstanskie-zaklyuchjonnye-zhaluyutsya-na-usloviya-soderzhaniya-i-zhestokoe-obrashchenie

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы