Жарияланымдар

Қоғамдық бақылау комиссиялары дабыл қағуда: сотталушылардың тұрмыстық жағдайы нашарлап барады

2 мин чтения

Қазақстанда түрмелердегі медициналық көмек, Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің ведомстволық бағыныстылығы және азаптау мен қатыгез қарым-қатынас фактілерін тиімді тергеу мәселелері әлі шешілген жоқ.

Бұл туралы Астанада өткен Халықаралық түрме реформасы (PRI) ұйымының Орталық Азиядағы баспасөз мәслихатында айтылды. Спикерлердің пікірінше, түрмелердегі медициналық көмек, ҚАЖК-нің ведомстволық бағыныстылығы, сондай-ақ қоғамдық бақылау комиссияларына (ҚБК) жолданған азаптау және қатыгез қарым-қатынас туралы арыздарды тиімді тергеу мәселелері ашық қалып отыр. ҚБК — қылмыстық-атқару жүйесінде азаптаудың алдын алу институттарының бірі.

ҚБК Үйлестіру кеңесінің төрайымы Ардақ Жанәбілова айтқандай, «ҚБК жұмысының стратегиясы бас бостандығынан айыру орындарында әділдік пен ізгілік қағидаттарын қолдауға және тәртіпті сақтауға бағытталған. Алайда сотталушыларға жасалатын қарым-қатынас мәселесі ҚБК үшін ең маңызды болып қала береді. Материалдық қамтамасыз етудің кемшіліктері, ұстау жағдайы мен медициналық көмектің жеткіліксіздігі ақырында қатыгез, қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынас пен азаптауға әкеледі».

Тағы бір спикер, Павлодарлық адвокат Светлана Ковлягина мекемелер қызметіне қоғамдық бақылау заңда бекітілгенімен, ҚБК мүшелерінің қылмыстық-атқару мекемелеріне алдын ала ескертусіз бару мүмкіндігі шешілмегенін айтты. Оның ойынша, мұндай мүмкіндік ҚАЖ мекемелеріндегі жағдайды шынайы жақсартуға бағытталған тиімді ұсынымдар әзірлеу үшін объективті әрі жан-жақты ақпарат алудың қосымша көзі болар еді.

— Заңнамалық өзгерістер адвокаттарды ҚБК құрамынан шығарып тастады. Соның салдарынан азаматтық бақылауда он жылдан астам еңбек еткен тәжірибелі мамандардың қатысуынан айырылдық, — дейді адвокат.

Жамбыл облыстық ҚБК төрағасы Ғабит Айтенов сотталушылардың материалдық-тұрмыстық қамтамасыз етілуі нашарлап барады деп санайды.

— 2016 жылы мекемелерді толтыру лимиті азайтылды, бірақ түрмедегі адамдар саны елеулі түрде төмендеген жоқ, — деді ол. — Бюджеттен қаржыландыру мекеменің белгіленген сыйымдылық лимитіне қарай бөлінеді. Соның нәтижесінде сотталушылардың материалдық-тұрмыстық жағдайы нашарлайды. Мекеме әкімшіліктері қаражат үнемдеуге мәжбүр, ал бұл ұстау жағдайы мен медициналық қамтамасыз етуге кері әсер етеді.

ДЕРЕККӨЗ:
http://www.zakon.kz/4845538-chleny-onk-bjut-trevogu-materialno.html

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы