Қостанай облысында балалар үйінің тәрбиеленушісін зорлады деген айып бұрынғы полиция қызметкеріне тағылып отыр. Бұл туралы қоғам қайраткері әрі белсенді Дина Смаилова хабарлады.
«Бізге Рудныйдағы балалар үйінің тәрбиеленушісі, жасөспірім қыз екі жыл бойы зорлыққа ұшырағаны туралы ақпарат келді. Ол қазір ДНҚ үлгісін жинай алғандықтан, зорлау фактісін дәлелдей алды. Сондай-ақ осы қызметкерден зардап шеккен тағы бір қыз бар екені белгілі болды, бірақ ол кінәлінің жазаланбай қалуынан қорқып, жауап бергісі келмейді», — деп жазды Смаилова әлеуметтік желідегі парақшасында.
Ол күдіктінің бұрын полицияда жұмыс істегені жөнінде мәліметі бар екенін де мәлімдеді.
Қостанай облысының полиция департаменті жазбаға түсініктеме беріп, тергеу жүріп жатқанын хабарлады.
«Облыстық полиция департаментінің тергеу басқармасында балалар үйінің тәрбиеленушісін 1978 жылы туған ер адамның зорлау фактісі бойынша қылмыстық іс бар. Күдікті қазіргі уақытта қамауға алынды, қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу деректері жария етілмейді», — деді өңірлік полиция департаменті.
Қостанай облысының білім басқармасы да оқиғаға қатысты түсініктеме берді.
«Полиция департаментінің ақпаратына қосымша мынадай мәлімет береміз. Бұл факт бойынша Қылмыстық кодекстің 120-бабында (зорлау) көзделген қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Кәмелетке толмаған қызға әлеуметтік-психологиялық оңалту аясында білікті психологтар көмек көрсетіп жатыр», — деп түсіндірді басқарма.
Психологтардың мобильді тобы жүргізген іс-шаралардың нәтижесінде басқа балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактілері анықталған жоқ. Мәселе Қостанай облысы әкімдігінің білім басқармасының ерекше бақылауында.
ДЕРЕККӨЗ:
ИА КазТАГ

