Қостанай облысында екі полиция қызметкері 20 жастағы бала емізетін ананы азаптады деп айыпталып жатыр.
Қостанай облысының Қарабалық аудандық сотына Қарабалық аудандық ішкі істер бөлімінің екі қызметкеріне қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 146-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы («Азаптау») бойынша қылмыстық іс түсті, деп хабарлады сот.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарының айыптауынша, полиция қызметкерлері осы жылдың көктемінде жәбірленушіден жазбаша арыз түспегеніне және оқиға Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелмегеніне қарамастан, әйелдің бұрын болған оқиғаға қатысы бар-жоғын заңсыз әдістермен тексерген.
Іс материалдарына сәйкес, 10 сәуірде таңғы сағат 09:00 шамасында Қарабалық аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері Қарабалық ауданы Есенкөл ауылдық округіндегі Лесное ауылында тұратын 20 жастағы жәбірленуші Д.-ның үйіне барып, оны полицияның тірек пунктіне бірге баруға шақырған.
Үйде қыздың 2015 жылы туған баласы қалған. Жәбірленуші Д. некеде тұрмайды, баласын жалғыз тәрбиелеп, анасымен бірге тұрады.
Полиция бөліміне жеткізілген жас ананы учаскелік полиция инспекторының кабинетіне кіргізген. Содан кейін қызметкерлер дөрекі сөйлеп, балағат сөздермен ұрлық жасағанын мойындауды талап еткен.
Сот хабарламасында полиция аға лейтенанты С. майор Т.-ның үнсіз келісімімен сұрақтарға жауап бермесе, қолының саусақтарын бір-бірлеп кесемін деп қорқытқаны айтылған.
Алайда жәбірленуші үндемей, полиция қызметкерлерінің сұрақтарына жауап беруден бас тартқан. Сол кезде С. орындықта отырған Д.-ның артынан келіп, шашынан тартып еденге құлатқан да, денесінен аяқпен тепкілеген.
Қызды шашынан тартып көтеріп, оң қолын артына қайырған С. оның оң құлағы тұсынан жұдырығымен ұрып, кейін бетіне алақанымен бірнеше рет соққы жасаған.
Жәбірленуші сол кезде сәбиін емізіп жүрген ана болған. Әйел С.-дан заңсыз әрекеттерін тоқтатуды сұраған. Сүтім тартылып қалуы мүмкін деп, полиция қызметкерлерінен өзін жайына қалдыруын өтінген, деп мәлімдеді сот.
Бұл іс бойынша сот отырысы 16 қыркүйекте сағат 10:30-да өтеді.
ДЕРЕККӨЗ:
https://www.nur.kz/1249785-dvoikh-policeyskikh-obvinyayut-v-pytkakh-20-l.html

