Қостанай облысының тұрғыны ішкі істер министріне шағымданып, полиция қызметкерлерін өзін ұрып-соқты деп айыптады.
Руслан Әжібековтің айтуынша, 2011 жылдың ақпанында оны ішкі істер бөлімінің ғимаратында полицейлер ұрған. Ол қолындағы сот-медициналық сараптама қорытындысымен өзіндік қауіпсіздік басқармасына жүгінген.
«Қылмыстық іс қозғалды, бірақ кейін қылмыс құрамының жоқтығына байланысты тоқтатылды. Себебі полицейлер дене жарақаттарын өзім салғанымды айтты. Мұрын сүйегім сынған еді. Адам оны өзі сындыра алмайды», — деді Әжібеков. Ол Гаага сотына жүгінгісі келетінін де айтты.
Әділдік іздеген ер адам сол кездегі ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың блогына да өтініш жазған. Министрліктен келген жауапта Әжібековтің уәждері жоққа шығарылған.
«Сіздің өтінішіңіз бойынша 2013 жылғы 11 наурызда Қостанай облысы ІІД-нің өзіндік қауіпсіздік басқармасы 1997 жылғы редакциядағы ҚР ҚК-нің 308-бабы 2-бөлігінде көзделген «Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану» қылмысының белгілері бойынша іс қозғады. Тергеу нәтижесінде полиция қызметкерлеріне қатысты іс қылмыс құрамының жоқтығына байланысты тоқтатылды. Қостанай облысының прокуратурасы бұл шешімді заңды және негізді деп таныды. Қазір іс Қостанай облысындағы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің басқармасында архивте сақтаулы», — делінген ІІМ жауабында.
Жақында бас бостандығынан айыру орнынан шыққан Руслан Әжібеков мемлекет көмектеспесе, қайтадан қылмыс жасайтынын мәлімдеген болатын. Жітіқара ауданының әлеуметтік қорғау бөлімінде оған күзетші қызметінің бос орнын тауып берген. Қазір бұл мүмкіндікті пробация қызметімен келісу мәселесі қарастырылып жатыр.

