Жарияланымдар

Қостанай полицейлері кінәні мойындату үшін астаналық азаматты азаптап, бір көзінен айырған

2 мин чтения

Қостанай облысының полицейлері есірткі ісі бойынша кінәсін мойындату үшін Астана тұрғынын азаптап, оның бір көзінің көру қабілетінен айырылуына себеп болған, деп хабарлайды «Наш Костанай».

«Бұл іс бойынша М. сотқа дейінгі тергеу кезінде полиция қызметкерлері өзін азаптап, дене жарақатын салғанын, соның нәтижесінде бір көзінен айырылғанын мәлімдегені анықталды. М.-ның денсаулығына ауыр зиян келтірілгенін ескеріп, құзыретті органдар азаптау туралы арызды жедел әрі бейтарап тергеу жөніндегі халықаралық нормалар талап еткен шараларды қабылдамағандықтан, М.-ның кінәсін мойындаған жауап алу хаттамалары, оқиға орнында айғақтарды тексеру және нақтылау хаттамасы жол берілмейтін дәлелдемелер деп танылды», — деп хабарлады жұма күні Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі.

Бұған дейін, 30 маусымда, Астана тұрғыны есірткіні және психотроптық заттың аналогын ірі мөлшерде өткізу мақсатында заңсыз сақтады деген айыппен жеті жылға бас бостандығынан айырылған болатын.

«Алқа бірінші сатыдағы сот үкімімен келіспей, оны жойып, ақтау үкімін шығарды. Ер адам Қылмыстық кодекстің 297-бабы 2-бөлігі бойынша кінәсіз деп танылып, қылмыстық құқық бұзушылықтарға қатысқаны дәлелденбегендіктен ақталды», — делінген хабарламада.

Пәтерден кептірілген марихуана мен мефедрон табылған оқиға орнын қарау хаттамасы, есірткі заттарына сараптама тағайындау туралы қаулы және сарапшы қорытындысы Қылмыстық-процестік кодекс талаптарына сай болмағандықтан, жол берілмейтін дәлелдемелер деп танылған.

«Сот алқасы сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында М.-ның құқықтарының бұрын-соңды болмаған дәрежеде бұзылғанын атап өтті: сол көзінің көру қабілетін жоғалтатын ауыр жарақат алу; автокөлігінің бүлінуі; көлікті тінткеннен кейін жеке заттарының ұрлануы; полиция қызметкерлерінің одан тәркіленген ұялы телефонды пайдалануы», — делінген хабарламада.

ДЕРЕККӨЗ:https://kaztag.kz/ru/news/kostanayskie-politseyskie-zapytali-astanchanina-do-poteri-zreniya-radi-priznaniya-im-viny

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы